сейсенбі, 26 тамыз, 2025 17:06

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Әнге айналған ғұмыр

Әнге айналған ғұмыр
Биыл белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің туғанына – 80 жыл

Екі оттың ортасында қалған жайым бар. Ал мықты болсаң құтылып көр! «Бұл менің қолымнан келмейді, Көпеншілеп айтқанда, «не әнші, не композитор емеспін» деп басты алып қашуға да болар еді. Бірақ... осы «бірақты» белден басып, сытылып шығуға шамамыз жетпейтін әлсіздігіміз-ай! Сейдолла Бәйтерековтің сүйікті жары Ләззат Мұзарафқызы Бәйтерекова хабарласты: – ...Аға, құйрығын ұстатпайтын зулаған уақыт... Міне, көзді ашып-жұмғанша... Биыл Сейдолланың туғанына 80 жыл ғой... Әндерін сүйіп тыңдайтын халқы барда Сейдолла ұмыт қалмас, аталып өтер... Десе де, біздің отбасымызға да, Сейдоллаға да бөтен емессіз. Құда-жекжаттығымыз екібастан. Шығармашылығынан азды-көпті хабарыңыз бар... Шама-шарқынша насихаттап жібергеніңіздің артықтығы болмас еді...

Артынша, «айналайын, Ләззат-ау, «бөтен емессіз» дегеніңіз не?! Сейдол­ла­ның күллі қазаққа бөтендігі жоқ, өзі ер­терек өмірден өткенімен артында қал­ған музыкалық мол мұрасы – халқы­мыз­дың баға жетпес байлығы. Басқасын айтпағанда, «Әлиясының» өзі неге тұра­ды?! «Әлия» – Сейдолла – Роза! Дүйім елдің жүрегін жарты ғасыр жаулаған осы үш ұлағатты ұғымды бір-бірінен ажыра­тып көрші!» демек­ші едім; «мен бұл са­ла­ның маманы емеспін, кеудесін ән тер­беген, жүрегін әуен әлдилеген компо­зитордың бол­мыс-бітімін майдан қыл суырғандай, жеріне жеткізіп айта алсам жақсы...» демекші едім. Айта алмадым, теле­фонның ар жағынан Ләззаттың дауысы осы тұсқа келгенде сәл мұң араласқандай, сәл қобалжып, дірілде­ген секілді естілді...

***

Қазақ қай кезде ән мен күйден, әнші мен композитордан кемшілік көріп еді?! Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса... Ойға оралмағандары қаншама?! Олардың бүгінгі ата дәс­түрін жаңғыртып, домбыраның құла­ғында ойнап, салқар даланы әнмен әлдилеп, жылағанды жұ­ба­тып, қуан­ғанның қуанышын бөлісіп, нарық заманы қаншалық қабырғаны қысса да, өтпелі кезеңнің қиыншылығын елемей, келер күндерден үміттенуді үй­рететін, алға жылжуды ғана мақсат тұтатын өнерпаздарымызды бір-бірі­нің аты-жөндерін шатастырмай, саусақ бүгіп санап бере аласыз ба? «Көп, тіпті көп, оларды санап шығуға да бір арба жан керек!..» Десе де, сол көптің ішінен сенің ерік-жігеріңнен тыс, ой-әлеміңді жаулап алғаны бы­лай тұрсын, мамыра­жай сәтте соның әуенін іштей ыңылдап, оның есімін атамай кету – ұлттық өнерге жасалған көзбе-көз қиянат емес пе?» деп, бір жағынан өзіңді де арашалағың кеп, бір бұлқынып шыға келетіндігіңді жасыр­ып қайтеміз?! Әділдікпен бетпе-бет келгенде, «Хэмингуэйдің жасындай» елуден аса берген санаулы ғұмырында жүзден астам эстрадалық әндер жаз­ған және ол туындылары күн өткен сайын халық жадынан шықпастай боп жымдас­ып кез келген сахнадан үз­діксіз айтылып жататын қандай ком­позитордың есім-сойын атар едіңіз десем, сіз кімге тоқтар едіңіз?! 

Сейдолла Бәйтереков! Әне, «Әлия», «Дос туралы жыр», «Күнге табыну» ән­дері бірден жан дүниеңді баурап әкетеді. Ол аз десеңіз, «Сары­арқа», «Өмір, өмір...», «Мөлдір сезім», «Күндер-ай», «Түсін­бедім», «Бір болайық», «Сағындым дауысыңды», «Түркістан», «Кентауым», «Аман бол», «Аралдан ұшқан аққулар»... Өстіп жалғасып кете береді. Жүз ән! Аз ба, көп пе?! «Атақты «Әлия» 1975 жылы дүниеге келді. Келер жылы «Алтын ор­фей» бүкіләлемдік ән бай­қауында бірін­ші орын алды. Қанша іштарлықпен қи­ғысы келмесе де, жүрегіне иман ұялаған пенде шы­найы өнерге ашықтан-ашық «жауыз­дық» жасай алмайды, мәс­кеуліктер ішек­терін тартып, әлденеше там­санып, ақыры «Әлия» – ең үздік жыл әні» деп мойындады. Сол, сол-ақ екен, Сей­долла мен Розаның «Әлия­сы» жарты әлемді жаулап алды. Біз сол сүйінші ха­бар­ды Қазақстан комсо­молы аппараты­ның кәделі жиналысы үстінде естігенбіз. Әлі есімде, жұрт қол шапалақтап орын­дарынан өре түре­гелді, мінбеге шыққан шешендердің тәтті сөздерін ешкім естімеді, таныс-бейтаныс эфир, сан түр­лі канал тара­татын теледидар кезекті хабарларын қиып тастап, сол сәттен «Әлиямен» тыныс алуға көшті.

Бір күннің ішінде әлі елге толық таны­ла қоймаған, белі қылдырықтай 19-дағы Роза Рымбаева мен өз-өзімен іштей арпалысып, әннің шаруасы бол­маса, былайғы тірлікке көп басын ауыр­та бермейтін біртоға жігіт – Сей­долла Бәйтереков ойламаған жерден жұлдыз болды да шықты. Ол жұлдыз­дың жарығы барған сайын жарқырап, әлем сахналар­ын жаулай бастады. Сейдолланың басқа әндерімен қоса, «Әлия» Германия, Че­хия, Словакия, Болгария, Югославия, Түркия, Украи­на, Иран, Оңтүстік, Сол­түстік Корея елдерінің әнсүйер қауымы­на да таныс және табиғаттарына жақын өнер туынды есебінде қабылданды. «Әлия» халқымыздың мақтанышы, Қа­зақ­станның Еңбек Ері, «таңдайына бұл­бұл ұя салған» Роза Қуанышқызының өнердегі жолын ашты. Роза әртүрлі бе­дел­ді басылымдарға берген сұхбат­тар­ында Тасқын, Сейдолла үшеуінің шы­ғар­машылық мүддеге келгенде пікірлерін бүкпесіз ашық айта­тын­дарын, одан шаршамайтындарын, сол жанқиярлық еңбектің арқасында ел мойындаған нәти­желерге жеткендерін бүгіп қалған емес. Биыл Жеңістің сексен жылды­ғы тойланды ғой. Бұл сәттілік дегенді қой­саңызшы, әлде туабітті табиғи әділ­ет­тіліктің әсері ме, бәлкім, біз түсіне бер­мейтін ғаламдық тосын күш – Жеңіс­тің 80 жылдығына Сейдолланың да 80 жылдығы дәл келіп тұр. Ендеше «Әлия» талай жерде тыңдаушыларымен жаңа бояу, жаңа қырынан түрленіп, қайта қауышты, қайта табысты. Жалпы, Сей­долланың жетпіс пайызға жуық әндерін Роза орындапты.

...«Әлиямен» ауырғаныма талай уа­қыт болған-ды. Ән мақамы күллі санам­ды жаулап алды. Отырсам да, тұрсам да әуен менің аяғымды жерге тигізбеді. Ұшып жүрген секілдімін. Сөйтіп, тол­ға­т­ып, жанымды қоярға жер таппай, өзім­мен-өзім аласұрып жүргенде ақын Бәкір Тәжібаев аға­мыздың жыр жинағы қолы­ма­ тие қал­ды. Өлең нобайы әуен­мен менің қатысуымсыз өздерімен-өз­дері тез арада «тіл табысты» да кете бар­ды. Дереу пиониноға отырдым...», – дейді Сейдол­ла ертеректегі бір естелі­гінде.

Мамандардың пайымдауынша, Сей­долла – қазақ эстрадасына еуро­палық стильді қалыптастырған әрі соның та­мыр жаюына бар күшін арнаған озық ойлы композитор. Бах, Моцарт, Бетховин, Чайковский, Глин­ка... секілді ұлтқа бөлінбейтін ұлы композиторлардың өмірлік тә­жірибелерін бойына ертірек сіңірген Бәйтереков аса талғампаздық рухта әр әуен, әр әнді халқына тарту ет­кен сайын «өліп-тірілетіндігін» де жас­ыр­майды. Әуен сірә, жүрегі таңғы шық­тай таза, бақай есеп, пендешіліктен бойын аулақ ұстайтын, қолынан кел­ген­інше төңірегіндегілерге жақсы­лық жас­ау­дан тартынбайтын, қысқа­сы, әр нәр­сеге қарадай-қарап қабақ шытуды, ашулануды қаперіне алмас­тан, барын­ша туған табиғатпен тіл­десіп, желдің гуі­лі­нен де өзіне қажеті «бір нәрсе» табуға тыры­сатын кең­пейіл адамның кеудесіне қонақтайтын болса керек.

Бір ғажабы, Сейдолла әскер қа­тары­­нан оралып, «оңды-солымды танып білуге қауқарым жетті-ау» дейтіндей, бір «қараға» тұяқ іліктірген соң ғана шығар­машылықпен табан­дап айналысқан. Және текке уақыт өлтірместен, демал­мас­тан, күні-түні дамылсыз жұмыс іс­те­ген. Ой жұ­мысы­ның қайсысы бол­масын, жүр­екке жүк түсіретіні белгілі. Бәлкім, осы жанталастың арғы астар­ында не жатқандығын кім білсін әрі оның жауабын табуға әрекеттенудің енді қажеті шамалы. Ол балалардың жан әлемін баурайтын кішкентайларға да ән арнауды естен шығармаған. Бүгін бала­бақшаларда, бастауыш сынып­тарында үзбей орындалып жүрген «Ай­да­на», «Қара бала», «Жалқаубек» әндері – осы сөзіміздің куәсі. «Сақал саудасы», «Тас­тама отты, Прометей!», «Трандот хан­шай­ым», «Мен ішпеген у бар ма?», «Махаб­бат аралы» секілді театр қойыл­дымдарын да әуенмен әдіптеген Сей­дол­ла болатын. Ол «Ақ мысық», «Алтын қой», «Тышқанның баласы мектепке қалай барды?», «Ерте, ерте, ертеде...» секілді муль­фильмдерді де әнмен өр­нек­­теді. Оның сыртында «Боранды түн», «Құлыншақ», «Әлсіз әйелдің тари­хы», «Несібелі», «Ауылдан келген күйеу бала» көркем фильмдерінің музыкасын жазу да Сейдолланың мойнына жүктел­ген-ді.

Әкесі Бәйтерек Бақбергеновтің дом­быра шертіп, күй тартатындығын төңірегіндегілердің бәрі білген, ал нағашы атасы Смайыл Тұрысбеков ән шығарып, күй тартып, ауылдың сүйік­тісі болып қана қоймай, атақты Сүгірдің ізін жалғаушылардың бірі атанып, кешеге дейін есімі ел аузында жүрген қадірлі кісі-тін. Соған қара­ғанда, тақыр жерге гүл шықпайтыны секілді, Сейдол­ланың да «құнарлы топырақтың өнімі» екені рас. Ком­позитордың балалық шағы Кентауда өтті. Кентаудың №2-ші орта мекте­бінде оқып жүріп, Ұлы Отан со­ғысы жылдарында Ленинград қор­шау­­ын­да болып, Қазақстанға жер аудар­ылған үлгілі ұстаз Евгения Сем­еновнадан ак­кордион аспабы бойынша сабақ алады. Сабақ алды деу біз үшін жаңа жеңіл, Сейдолла талай қиындықты басынан кеше тұра үлкен әріптермен жазылуға тиіс Ұстаздың адамдарға үнемі жанашыр­лық танытқысы келіп тұратын мол мейірі­мін де бойына сіңіре білді. Өзі дүниемен қоштас­қанша Сем­еновамен байланысын үзген жоқ, ұстаз да білгенін «балағы­ның биті бар», бол­ай­ын деп тұрған шәкіртінен титімдей нәрсені бүгіп қалған емес. Сол мектеп бүгін С.Бәй­тереков атында. Ол Шым­кент музыка училищесін, Құрманғазы атын­да­ғы консерваторияны тәмам­даған, «Қазақконцерт» бірлестігінде, өмірінің соңына дейін өзі құрған «Саз» студия­сының директоры бол­ып қызмет істеді. Алматыдан да, Шымкенттен де көше аттары берілді, Шымкент қала­сындағы Сейдолла­ның тастан құйыл­ған биік бейнесі алыстан көз тартады. Оның қар­жы-қаражатын Сейдолланың шымкент­тік жанашырлары бір ауыздан қол­дап, сөзге келместен тауып берген болатын. Бұл да композиторға көр­сетілген шын­айы қамқорлықтың, шынайы адамгерші­ліктің белгісі еді.

Мектеп жанынан құрылған шағын ансамбльдің атағы әп-сәтте күллі қалаға белгілі болды. Ансамбль құрамында кімдер барын білесіз бе?! Ансамбльдің бетке ұстар әншісі – Әшірбек Сығаев, үрмелі аспапта – Досым Сүлеев, аккор­деонда – Сей­долла Бәйтереков. «Қанша жалын­ып-жалбарынып кино көрейік десек те, кешкі сеансқа балаларды кір­гіз­бей­тін, – деп еске алатын-ды марқұм Әш-ағаң, – Бірақ ол кем­шіліктің орнын Сейдолла жымын білдірмейтін. Аккор­деоншы балаға қашан да есік ашық. Сейдолланың арқасында бізге де клубтан орын табыла кететін-ді...» Жерлестігі бар, бір-бірін үнсіз түсін­ісе­тін шығарма­шылық байланыс Сейдолла мен жазушы, режиссер Сатыбалды Нар­ымбетов арасындағы ажырамас үлкен достыққа айналды. Нарымбетовтің «Жас аккор­дио­нистің өмірі» («Көзім­нің қарасы») атты көркем фильмі Бәйтереков өмір­баяны­на арналған-ды.

***

Таңғалатыным, Сейдолла көзінің тірі кезінде «Мен Хэмингуэйдің жасындай ғана өмір сүремін» деп неге айтты екен? Және біреу қинағандай мұны бірнеше рет қайталаған. Әлем­дегі мың-сан құпия құбылыстың сырын кім толық ашқан дейсіз... Мұны да солардың біріне жат­қызып, ішімізден күбірлеп қана тынар­мыз. Ләззат айтады: – 1998-дің он бірін­ші мамырында соңғы есептік концертін өткізді. Өзіңіз білесіз, Сейдолланың концерті қайда өтпесін, залда ине шан­шар орын болмайтын. О кезде солай еді, қазір де ешбір өзгеріссіз осы көрініс үздіксіз қайталанып келеді. Концертке билет таба алмағандар менен көмек сұрайды. Сарай басшы­лығына әмір жүр­гізе алмаймын ғой. Сол концертке ұйқы көрместен сон­шалық жан-тәнімен дай­ын­далды. Екі аптадан соң о дүниеге аттанып кете барды...

Ләззат тұрмысқа шыққанда Сей­долла жан-жақты толысқан, ақ пен қараны айыра білетін әтібірлі жігіт-тін... Поли­техникалық институттың озат студенті Ләззат Аханова кішкен­тайынан өнерге бір табан жақын жүрді, институт атынан талай-талай байқауларға қатысып, жүл­делі орын­дар алып жүрді. Құдай берген табиғи дауысы сахнаға шығып, ән салуға итермелеп тұратын. Студенттік дәу­ренді сағынышпен көзіне жас алмай, еске түсіретін кім бар. Ілгеріде Алма­ты­да жо­ғары оқу орындары арасын­дағы өнер сайыстары жиі өтіп тұратын, одан Ләззат шетқақпай қалған емес. Мәскеуге бар­мақшы боп дайындалып жатқан, «сенің дауысыңа ыңғайлы ән жазатын бір композитормен таныс­тыра­мын» деген-ді жетекшісі. Ол композиторы Сейдолла Бәйтереков еді... Екі жылдан соң үйленді. 

Тағдыр бізді Ләззаттың әкесі, есімі елге белгілі геолог, бір кездегі Сәтбаев қаласы атқару комитетінің төрағасы, Қарағанды облысының құрметті аза­маты, марқұм Мұзараф Аханов пен ана­сы, Сәтбаев қаласындағы бірнеше орта мектептерді басқарған, үлгілі ұстаз Шабал Бейсенбекқызымен жа­қын тан­ыс­тырды. Құда-жекжат боп араластық. Сексеннің сеңгіріне шық­қан Шабал апаймен қазір де байланыс жасап тұра­мыз. Көп оқыған, сан түрлі өмір қатпар­ларын жете түсінетін ақыл­м­ан, көреген кісі. Жас айырма­шы­лықтарына орай, іштерінде аздаған түйткілдері болғаны­мен, қызының шешіміне қайтіп қарсы тұрсын. Ләз­зат Сейдолламен он бес жыл­дай бақ­уатты да мағыналы, сүйіс­пеншілік­пен, түсіністікпен жұбайлық өмір сүрді. Дүниеге Санжар, Данияр де­ген екі ұл келді. Екі айға дейін тұңғыш­тар­ына ат қоя алмапты, есімін Саты­балды Нарымбетов қойыпты. Дан­ияр – заңгер, Санжар Бәйтереков – кәсіби талантты композитор. Профес­сор Ю.Каспаровтың класында Мәскеу кон­сер­ваториясын бітірген. Бірнеше сим­фон­ия­лық шығармалардың авторы.

Сейдолла тірі кезінде Ләззатқа: «Мен өлсем де сендерге көктен көмек­тесіп жүремін... Менің әндерім сен­дерді аш қалдырмайды», – дейді екен. Айтқаны келді. «Сен» туындысын Ләззатқа арна­ған. Осы күндері Ләззат Сейдолланың 80 жылдығын қалай өткіземін деп, жалғыз өзі ойға-қырға шапқылаумен жүр. Бұйырса, әнге айналған ғұмырдың да мерейлі мерекесі жыл соңына дейін аталып өтер. Бәрімізді соған куәгер болуға жазсын...

Иә, ән-әуен алдымен жүрекке түсуі керек дейді мамандар. Құлақ қоймасқа шараң қайсы?! Сейдолла Бәйтерековтің жүрекке түспейтін және жүрек жатыр­қай­тындай бірде-бір шығармасы жоқ десем, көпшілік қарсы бола қоймас. Әзірге осыған тәубе дейік...

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Aikyn.kz

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар