сейсенбі, 15 шілде, 2025 3:45

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының қолдауымен шетелдегі қазақ балалары Бурабайда бас қосты

Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының қолдауымен шетелдегі қазақ балалары Бурабайда бас қосты
Фото: Oimaqnews.kz
Биыл 9 шілдеде Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында шетелде тұратын қандас балаларға арналған ерекше шара – «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті. Маңызды жиынға әлемнің жеті елінен келген 288 бала қатысты.

Құрылтайдың негізгі мақсаты - шетелдегі қазақ балаларының тарихи Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді тереңірек тануына мүмкіндік жасау. Жоба аясында қатысушылар ұлттық-мәдени бағдарлама негізінде арнайы дайындалған танымдық және тәрбиелік шараларға белсене қатысты.

Бұл игі бастама биыл Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы арасындағы тұрақты серіктестік нәтижесінде ұйымдастырылды.
 

"Өтініш білдірген қандастардың арасынан түрлі салада жетістікке жеткен, жүлдегер және дарынды балалар іріктелді. Шараның басты мақсаты – шетелдегі қазақ балаларының Атажұртымен байланысын нығайту. Қазақтың тілі мен дәстүрін тереңірек танып, өз тамырын сезінуге жол ашу. Бұл олардың болашақта Отанына оралып, елдің дамуына үлес қосуына үлкен мүмкіндік береді", – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы.

 

Құрылтайда ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, балаларға бизнес, заманауи кәсіптер мен әлеуметтік желінің мүмкіндіктері туралы маңызды дәрістер оқылды. Сондай-ақ, биылғы бағдарламада этномузыкалық сабақтар, ұлттық аспаптармен танысу, музейлерге бару және тарихи жәдігерлерді зерттеу секілді бағыттар қамтылды.

"Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын бірнеше жыл қатарынан қолдап келеді. Биылғы шара осы қолдауымыздың айқын дәлелі. Шетелдегі әр қазақ баласы – ұлттың аманаты. Біз оларды туған жерге тарту арқылы ана тілін және ұлттық мәдениетін сақтауға көмектескіміз келеді. Біздің басты мақсатымыз – балалар бұл сапардан тек жақсы әсер алып қана қоймай, өз болмысын сезініп қайтуы", – деді Halyk қайырымдылық Атқарушы директоры Айгүл Сапарғалиқызы Ахметова.

Осы жоба аясында Halyk қайырымдылық қоры балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосу мақсатында оқу-сауықтыру орталығының музыкалық кабинетін толық жабдықтауға қаржылай қолдау көрсетті.

Моңғолиядан келген 13 жастағы Інжу Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын айтып, ерекше қуанышымен бөлісті:

"Мен Қазақстанға келуді көптен армандадым. Әжем үнемі «сенің елің – Қазақстан» деп айтып отыратын. Енді өз Отанымды көріп, басқа елдердегі қазақ балаларымен дос болу арманым орындалды. Ана тілінде сөйлей алатыным үшін мақтанамын", – деді жас қатысушы.

Анықтама:
Halyk қайырымдылық қоры – Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін коммерциялық емес ұйымдардың бірі. Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларында ауқымды әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, биылдан бастап қор шетелдегі қазақ балаларына туған жермен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін жаңа бастамаларды қолға алды. Бұл жобалар олардың ұлттық болмысын сақтауына, қазақ тілін меңгеруіне және тарихи тамырын терең танып-білуіне бағытталған.

Айта кетерлігі, мұндай жұмыстар бір реттік шара емес, қор қызметінің басым және ұзақ мерзімді бағыттарының бірі болмақ.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – 33 жылдық тарихы бар халықаралық қоғамдық ұйым. Қауымдастық республикадан тысқары, шетелдерде тұратын қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері бойынша қолдау көрсету мақсатында құрылған.

Сонымен қатар, қауымдастық тарихи отанына қоныс аударған қандастарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларын жүйелі түрде ұйымдастырады.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар