Бүгін Назарбаев университетінде студенттер халық жазушысы Мұхтар Шахановпен кездесті. Жастар ұлт руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ақынның кешін ұйымдастырып, өлең-жырларын оқыды.
Шығармашылық кеш Мұхтар Шаханов сөзін жазған танымал әндердің оркестрде орындалуымен басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдеби кешке 200-ге жуық адам қатысқан. Университеттің NU Poetry клубының мүшелері ұйымдастырған алғашқы шара бір ай дайындықты қажет еткен.
– Мұхтар Шахановты шығармашылық кешке шақыру бастамасы клубымыздың бір мүшесінен шыққан еді. Өкінішке қарай, өзі бүгін келе алмады, бірақ барлық ұйымдастыру жұмыстарын қашықтан атқарды. Жалпы, кеш жоспардан тыс, тосын түрде өтті – әдетте жаз мезгілінде біз іс-шаралар ұйымдастырмаймыз. Алайда осындай мүмкіндік туған соң, бастапқыда кездесуді қала ішінде өткізуді ойладық. Кейін Студенттік қызмет департаментінің қолдауымен бұл шараны университет қабырғасында, ауқымды түрде өткізуді жөн көрдік. Шынымды айтсам, мұнша көп адам жиналады деп күтпеген едік. Біз келіссөздерді маусым айында бастадық, ал кештің дәл ақынның туған күнімен тұспа-тұс келуі – өте ерекше әрі мәнді болды. Көптеген студент үшін Мұхтар Шахановтың шығармашылығы – жеке тарихының бір бөлшегі. Біз оның өлеңдерін оқып өстік, мектепте де, университетте де талдап, жатқа білдік. Біздің клубта өзі өлең жазатын жастар аз емес, солар үшін бұл кездесу – нағыз шабыт пен үлкен рух берген сәт болды, – деді NU Poetry клубының вице-президенті Дарья Калинина.
Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиеті мен қоғамдық өмірінің көрнекті тұлғаларының бірі. Шығармашылық жолын, әдебиетті азаматтық белсенділікпен ұштастыра білді. Осындай өлең тармақтарын жатқа айтқан бір топ ұстаздар Мұхтар Шахановтың шығармашылығы жастарға бағыт, әрі үлгі болатынын айтты.
–Бүгін айрықша күн, Мұхтар аға – ұлттық рухтың символы. Ол өлеңімен ғана өнеге жасаған жоқ, жан-дүниесімен, жүрек айқайымен өрнек салды. Мұхтар аға мен Төлеген Айбергеновтің достығы керемет болған. Төлеген Айбергенов Мұхтар Шахановқа «Сағыныш» деген өлең арнады. Төрт циклдан тұрады.
«Сағындым жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып, мендей ме екен бар ағаң...
Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған». Студент кезімізде біз осындай достыққа ұмтылдық, үлгі тұттық. Мұхтар Шаханов – тек көркем поэзия өкілі ғана емес, 70-жылдары қазақ әдебиетіне жаңа серпін әкелген, Аралды сақтап қалу жолында күрескен, сондай-ақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін әділеттің үнін жеткізген тұлға. Мұндай жанмен кездесу – жастар үшін үлкен құндылық әрі тағылымды сабақ, – деді Назарбаев Университетінің профессоры, Ұлттық мәдениет орталығының жетекшісі Гүлтас Құрманбай.
Кеш барысында қонақтарға ақынның шығармашылығы мен өмір жолына қатысты сұрақтар дайындалып, сергіту сәті ретінде ойындар ойналды. Сондай-ақ, М. Шахановтың қолтаңбасы қойылған сатылымдағы кітаптар келген қонақтардың қолына тиді.
С. БЕГІМБАЙ
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.