Шынайы көңіл күй мен жүрек жылуын сыйлайтын – ол бір-бірімізбен жүздесу: Роза Әлқожа қонақ шақырмайтындарды сынады
- авторОймақ
- 21 мамыр, 2025
- 40

Белгілі әнші Роза Әлқожа дастархан жайып, қонақ шақырғанды жаны сүйетінін алға тартты. Дегенмен өнер иесі үйіне мүлде қонақ шақырмайтын адамдардың барын айтып, оларды сынап тастады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазіргі адамдар арасында еріншектік жиі байқалып жүр.
– Жақсы адамдармен отырып ішкен бір шәугім шайдың өзі ерекше дәмді. Қазіргі заманда адамдар баяғыдай емес, жалқаулыққа салынып барады. Ал шынайы көңіл күй мен жүрек жылуын сыйлайтын – ол бір-бірімізбен жүздесу. Кейде үйге қонақ келмей, ет асылып, бауырсақ пісірілмесе, берекем кететіндей сезінемін. Кафеде отырып ішкен шайдан гөрі, үйге төрге шығарып, құрмет көрсеткен сәт әлдеқайда әсерлі. Осындай қазақы болмысыммен қала беретін шығармын, – деді әнші.
Сондай-ақ ол шынайы қарым-қатынастың адамға рухани байлық сыйлайтынын тілге тиек етті.
–Кеше аяқ астынан қонақ шақырдым. Соңғы үш жылда бірге сапар шегіп, қуанышымды бөліскен Әділ Өтемістің ата-анасы мен нағашы әпкелерімді, құдаларымды үйге шақырдым. Бұл өмірде дәм-тұзбен қауышудың өзі – бір бақыт. Ана дүниеде не күтіп тұрғанын кім білсін, ал осы өмірде дәм-тұз қарыз болып қалмасын, – деп ойын түйіндеді Роза Әлқожа.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.