бейсенбі, 22 мамыр, 2025 0:52

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз
фото Ақорда
Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін көне Будапешт шаһарында өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз мажар жұртының қарт құрлықта тұғырлы мемлекет болып отырғанына дән ризамыз. Бүгін бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз, – деді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, "Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс" атауымен ұйымдастырылған саммит алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүддесіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай келеді. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәні тіпті артты. 

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев түркі жұртының татулығы мен өзара байланысын нығайту, тұтастығын бекемдей түсу мақсатында Қазақстан қабылдаған кешенді шараларға тоқталды.

– Атап айтсақ, Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілін тағайындады. Көп ұзамай Тұрақты өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз. Астанада 11-12 маусым күндері Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды. Осы мәртебелі міндетті жоғары деңгейде атқару үшін нақты іс-шаралар қолға алынды. Қазақстанның бастамасымен өткен аптада Орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы құрылды. Оның алғашқы отырысы киелі Түркістан қаласында табысты өтті. Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы "Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы" атанады. Осылайша, біз түркі бірлігін нығайтамыз, – деді Президент. 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар