сәрсенбі, 30 сәуір, 2025 18:24

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Онлайн саудаға қойылатын талапты қатаңдату қажет – Нұрсұлтан Байтілесов

Онлайн саудаға қойылатын талапты қатаңдату қажет – Нұрсұлтан Байтілесов
фото Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Премьер-Министр орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Премьер-Министр орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында елімізге заңсыз жолмен әкелінетін контрафактілік өнімдердің көбейіп бара жатқанын мәлімдеп, бұл үрдістің қарапайым тұтынушыларға, адал кәсіпкерлерге және тұтас мемлекетке елеулі зиян келтіріп отырғанын айтты.

«Қазақстан Республикасының аумағына "сұр" схемалар арқылы, яғни заңсыз, астыртын әкелінетін контрафактілік өнімдер мен тауарлардың көбеюі – өте қауіпті жағдай», – деді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі заңдар цифрлық дәуірдің шындығына бейімделмеген, сондықтан да интернет-сауда мен әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан контрафактілік өнімдерге тосқауыл қою мүмкін болмай отыр.

Байтілесовтің пайымдауынша, қазіргі қолданыстағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасы дәстүрлі бөлшек саудаға негізделген. Ал қазіргі нарықтың үлкен бөлігі онлайн-алаңдарға көшкен. 

«Заңда маркетплейстердің сатушыларға қатысты жауапкершілігі айқын көрсетілмеген. Контрафактілік өнімдер сатылып жатқан жағдайларда тұтынушы мен құқық иесінің заң жүзінде өз құқығын қорғауы қиынға соғады», – деді ол.

Депутат атап өткендей, маркетплейстердегі сатушылардың заңды деректерін (атауы, мекенжайы, БСН) ашық көрсетпеуі тұтынушылардың заңдық тұрғыда шағымдануын шектейді. Ал бұл – заң алдындағы жауапкершіліктен жалтаруға жол ашатын жағдай.

«Мысалы, дәстүрлі бөлшек саудада сатушы заңды атауын және мекенжайын көрсетуге міндетті болса, маркетплейстердегі сатушылар көбінесе тек телефон нөмірі мен фирмалық атауға сәйкес келмейтін атау ғана көрсетеді», – деді депутат.

Осы орайда Нұрсұлтан Байтілесов онлайн алаңдарда сатушылар туралы заңды ақпаратты міндетті түрде жариялауды, сондай-ақ тұтынушылар мен құқық иелеріне не сатушыға, не тікелей маркетплейске жүгіну құқығын беруді ұсынды.

Сонымен қатар депутат тауар таңбаларын қорғауға арналған заңнамалық тетіктерді цифрлық орта талаптарына бейімдеуді ұсынды. Қазіргі таңда тауар таңбалары заңсыз түрде интернет-дүкендерде, домендік атауларда және әлеуметтік желілерде жиі қолданылып жүр.

«Құқық иелеріне заңсыз пайдаланылған таңбаларды жоюға, сондай-ақ заңсыз атауларды тіркеуден алып тастауға заңды құқық беру қажет», – деді ол. Депутат бұл тетіктер тұтынушыларды алдаудың жолын кесуге және интернет-алаяқтықтың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.

Сөз соңында, депутат Үкіметке нақты ұсыныстарын жолдады. Олар:

Электрондық сауда алаңдарында сатушылар туралы толық заңды ақпаратты жариялауды міндеттеужәне ол орындалмаған жағдайда маркетплейстерді өз сатушылары үшін жауапты ету;

Тіркелген тауар белгілерінің заңды иелеріне интернет-ресурстар мен маркетплейстерден заңсыз пайдаланылатын белгілерді алып тастауды талап ету құқығын беру;

Тұтынушылар мен құқық иелерінің құқығы бұзылған жағдайда, жосықсыз сатушыларға да, маркетплейстерге де сот арқылы талап қою құқығын заң жүзінде бекіту.

Байтілесовтің айтуынша, бұл ұсыныстар орындалса, елімізде интернет-дүкендер арқылы таралатын заңсыз өнімдерге қарсы нақты тетік қалыптасып, инвестициялық тартымдылық пен адал бәсекеге жол ашылады.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар