Тас жолдың “жыры” таусылғанша, әлі қанша жан тауқымет тартады? – депутат
- авторОймақ
- 27 наурыз, 2024
- 435
Ұлытау облысына іссапармен барып, сонда көрген-білген біраз мәселе осы мінберде баяндалған еді.
Алайда, “жоспарлануда”, “қолға алынады” деген сияқты жалтарма жауаптар берілді. Нақты шешім жоқ жерде мәселе қордалана береді.
“Ұлт ұясы” деп, Ұлытау облысын жаңа құрып, оны қарқынды дамыту керек деген Мемлекет басшысының тапсырмасы тұсында жайбасарлыққа салыну жөн болмас.
Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған тас жолдарының “жыры” таусылар емес! Мысалы, қазір көктем уақытында құрылыстың нағыз қызатын, әрі қолайлы уақыты. Жобалық-сметалық құжаттамамен айналысып жүргенде, жол салудың маусымы тағы да өтіп кетеді.
Қызылорда-Жезқазған жолының жайы маған бала кезден таныс. Бұл мәселе сол кезде өзекті еді, қарап тұрсаңыз, қанша жыл өтсе де, «баяғы жартас – сол жартас» болып тұр.
Депутаттық сауалыма келген жауаптың барысы осыны аңғартады. Мәселен, “Жезқазған-Қызылорда” автомобиль жолы бойынша мердігер компаниялардың өтінімдері әлі бағалану стадиясында. Құжаттардың рәсімделуі “Госэкспертиза” мен “ҚазАвтоЖол” арасында ілгері-кейін “допша” домалап жүр. Ал “Жезқазған-Қарағанды” тас жолына қатысты мердігерлік компанияларды анықтау әлі жоспарланып отырғанға ұқсайды. Демек, нақты іске қашан көшіп, құрылыстың қашан басталатыны белгісіз.
Халық өңірлік басшылықтың өз уақытында қимылдамауына, жайбасарлығына наразы, бірақ аталған бағыттағы автомобиль жолдарының салынуы, бақылануы облысы әкімшілігі емес тікелей Көлік министрлігіне қарайды.
Сондықтан бұл мәселеге аталған ведомство басшылары зер салып, құжаттама ісінің, яғни өтінімдердің қаралуы, бағалануы, расталуы, қаржының бөлінуі сияқты ұзын-сонар процестер қатаң бақылану керек. Талап болу керек. Сұрауы болмаса істің мәні кетіп қалады. Үнемі қадағаланса, бір қозғалыс болары анық. Әйтпесе, бұл тас жолдар қыршын кеткен тағдырлардың “ескерткішіне” айналғаны қашан?
Жезқазған-Қарағанды тасжолы – кеңестік кезеңнен күрделі жөндеу көрмеген, жиектері әбден мүжіліп, тарылып барады. Міне, содан бұл жол “қанды жер” аталып кеткені баршаға аян. Дәл осы жолда 2023 жылы 129 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 167 адам дене жарақатын алған, 37-сі қаза тапқан. Ал биылғы жылдың тек 2 айында 23 жол көлік оқиғасы орын алып, 37 адам жарақаттанып, 2 адам мерт болды. Тас жолдың “жыры” таусылғанша, әлі қанша жан тауқымет тартады? Кім білсін?
Үшінші құрылтай өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Жол салу және оны жөндеу жұмыстары экономиканың дамуына тың серпін береді” деп атап көрсетті.
Жол болмаса, қандай серпін, қандай даму болады? Жолымыздың түрі анау болса, қандай қарқынды экономика, қандай табысты туризм күтеміз? Халықтың әл-ауқаты осы жолға байланысты. Облысаралық жолдардың сапасыздығы өңірдің дамуына, инвестицияның тартылуына кедергі, сондай-ақ жол тасымалының қиындығын себеп қылып, азық-түлік те қымбаттайды.
Бұл тағы қарапайым халықтың қалтасын қағатыны белгілі. Ұлытау облысының күретамыры осы жолдар. Сондықтан Президенттің артқан сенімі мен халықтың “алақайлаған” қуанышы сол “жолда” қалып қоймасын?!
ҚҰРМЕТТІ ОЛЖАС АБАЙҰЛЫ!
Көтерілген мәселе өз шешімін табуы тиіс. Жобалық құжаттамалар әлдеқайда шешіліп, құрылыстың қазір басталып-ақ кетуі қажет еді!
Берілген уәдені уақытында орындау, халық игілігіне дер кезінде ұсыну ертеңге қала беретіні өкінішті?! Осы орайда Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған тас жолдарының салынуы мен жөнделуіне сараптама жасалып, нақтыланған жұмыс жоспарын беруді сұраймыз. Оның ішінде
- қаржының бөлінуі;
- анықталған мердігер компаниялар;
- келісімшартқа отыруы;
- келісімшарт бойынша белгіленген уақыт;
Сондай-ақ жұмыс жоспары бойынша істің талап етілуін қадағалауды назарға алуды сұраймыз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.