
«...Шиеліден келіп тұрмын, бір қап күрішім бар,
Сәуле ашсай, Айгүл ашсай сен ей» деп шырқаған әнші Арман Әлиев қазір қайда жүр? Ән әлемінде неге көрінбей кетті? Өнер адамы қашан да өнер жолын таңдайтыны рас қой. Тыңдарманы сүйіп тыңдаған Арман тракторис бүгінде Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрының директоры қызметінде. Ол Оimaqnews.kz тілшісіне берген сұхбатында өнердегі, өмірдегі трактористің қалай өзгергенін айтып берді.
Анимациялық бейнеклип түсіруден үміт үзгем
– Арман аға, сізді жұрт 2004 жылы шыққан «Тракторис» әні арқылы жақсы таниды. Сол әннің тарихын тарқатып беріңізші.
– Бұл ән қиялдан туған. Әннің авторы – Талап Тотаев. Мен орындағанға дейін бірталай жыл шағын екі ауданның төңірегінде ғана айтылып жүрген ән болатын. Оны мен 2000 жылдары естідім, айтып жүргендер керемет орындады, жастар жақсы қабылдады. Бірақ оны тұрақты айтатын ешкім болмаған соң, өзім орындайын деп суырылып шықтым. Оған біраз әзіл әңгімелер қосып, альбом қып шығардым. Идеям осы еді. Шыққаннан кейін елге тез тарап кетті. Әнді естіген тыңдарман білуі керек, мәтін бір оқиғаны баяндайды. Алайда ол қиялдан туғанын тағы қайталап айтайын.
– «Тракторис» әні қазақ эстрадасындағы тұңғыш анимациялық бейнебаян болды. Қазір қысқаметражды анимация түсірудың өзі оңай емес. Осыдан 10 жыл бұрын оны бейнебаянға қосу қиын болмады ма? Негізі бұл әннің сәтті шығуы неде?
– Әннің сәтті шығуы тақырыбында шығар. Бұған дейін қозғалмаған тың тақырыптың бірі ғой, әрі әзіл-шыны аралас айтылды. Байқағаным, көп тыңдарман бұл әннің сөзіне мән беріп тыңдамайды, егер сөзіне мән берсе тұнып тұрған драма, ішінде махаббат бар, бір жас жігіттің өмірі бар. Осы арқылы сәтті шықты, меніңше.
Ал бейнебаян жайына келейік. Анимацияны қосу туралы ой келгенде Ресейге хабарластық, Қазақфильммен сөйлестік. Ол уақыттарда елімізде анимация саласы әлі кең дамымаған еді. Ресейдің айтқан бағасы тым қымбат болды, Қазақфильмнің мемлекеттік тапсырысы көптігінен түсіре алмайтынын айтқанда, анимациялық бейнебаян болмайды деп үмітімді үздім. Қазір түрлі мультфильмдер түсіріп жүрген «Сақ» киностудиясының сол жылдары «Жебе» атауымен шыққан шағын жарнамалық студиясы болатын. Сол студияға барып, бейнеклиптің түсірілуіне көмек сұрағанымызда алғашында келіспейтінін айтқан, кейіннен әнді тыңдағаннан кейін хабарласып, ұсынысымызды қабылдады.
«Тракторис» Қазақстандағы тұңғыш анимациялық клип болды. Бірақ 2000 жылдардың ішінде анимациялық бейнеклиптердің біразы шықты ғой. Қыдырәлі мен Қарақаттың, Нұр-Мұқасан тобының, одан кейін қателеспесем Нұрлан мен Мұраттың, Маржан Арапбаеваның әндерінде осындай бейнеклип көрінді. Осындай анимация жасау – секундтарды құрау деген сөз. Әр секундын қолмен салу – инемен құдық қазғанмен тең жұмыс. Сондықтан анимацияның күрделігі идеяда ғана емес, физикалық күш пен уақытта жатыр. Техника дамуы мүмкін, өнер ескірмейді. Сол себепті қандай да болсын бейнетаспалардың артық-кемі жоқ. Өнер – ұжымдық, синтездік жұмыс, барлығы бір-бірімен үйлесім тапқан кезде ол хитке айнала алады.
Тракторис колхоз директорынан өнер адамына айналды
– Сол бұрынғы «тракторис» бүгін кім? Өнерде, өмірде...
– Мен мемлекеттік циркті басқарып жүргенде «бұрынғы тракторист – бүгін колхоз, совхоз директоры» деп күлетін едім. Циркте ауылшаруашылығы сияқты жұмыс қызу болады: жылқыға шөп керек, арыстанға ет керек, аюға балық керек. Бір жағында шығармашылығың, екінші жақта шаруашылығың бар. Осыдан кейін ғой қалжыңдайтыным. Ал бүгін сол «тракторист» біржола өнердегі азаматқа айналды. Бұл жолда өзіңнен кейін еріп келе жатқан жастарды да қолдаудың күшін сезіну бір бөлек, оларға ерекше тәрбие керек. Ал өмірде 4 баланың әкесі, бір арудың жолдасы, қысқасы бір шаңырақтың тірегі болып отыр.
– Бұған дейін танымал әнші, мемлекеттік цирктің де директоры болдыңыз, енді театрда жүрсіз. Анығы бұлар өнер болғанымен, үш түрлі нәрсе. Осындай өнерде жүріп не түйдіңіз? Өнер, өнерге адал болу деген не?
– Иә, мұның әрқайсысының ерекшелігі, қиындығы бар. Оңай емесі анық. Не дегенмен сол саланы ізденіп, тәжірибе алмасып, барынша соған сіңу керек деп ойлаймын. Өнерге адал болу деген – халыққа адал қызмет істеу. Осынша жыл қызметте жүріп, өнердің ішінде көпті көріп түйгенім осы – бойға берілген өнерді құрметтеу арқылы ғана адал қызмет ете аласың. Құрмет жоқ жерде қайдан адалдық болсын! Көрермен байқампаз халық қой, өнердегі қандай да бір жасырын өтірікті бірден байқап қояды. Сондықтан өнерде емес кез келген жерде өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам.
– Әңгімені отбасыңызға бұрайықшы. Қандай әкесіз? Ұл-қыздарыңыздың арасында жолыңызды қуып, ән айтқан, театрға келгені бар ма? Олардың таңдауына қалай қарайсыз?
– Менің қандай әке екенімді білетін, айтатын ұл-қыздарым ғой. Отбасымның алдындағы мақсатым да біреу-ақ: ертеңгі күні әкесінен қалғаны – жақсы тәрбие екен деп айтатын күнге жету, ел-жұртқа адал қызмет көрсету. Кіші қызым Ақзере бейнелеу өнеріне бейім, ал ұлым Қуаныш домбыраға жақын өсті. Қалған балаларым өз таңдауымен мамандықтарын таңдады.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Астанада енді тіркеуге тұру қиындайды
Ұқсас жаңалықтар
Ұлт ұстазы үйінде «Алаш арыстары жұбайы туралы» танымдық дәріс өтті
- авторОймақ
- 7 наурыз, 2025