дүйсенбі, 10 наурыз, 2025 17:41

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Шерлі Шәміл

Шерлі Шәміл
«Шәмілдің күресі - нағыз спектакль еді». Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада және әлем чемпионы.

 

«Он был из породы гениальных борцов».

Ян Дымов, ФИЛА-ның «Алтын орденінің» иегері,

күрестің білгір маманы (Украина).

Олимпиада жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы, даңқты балуан Шәміл Серіковке кезінде әлемге әйгілі күрес мамандарының қатты сүйсінетін. Себебі, қазақ балуаны қалыпқа сыймайтын, ерекше дарын иесі еді. Оқырман назарына өмірден ерте кеткен Шәмілдің боз кілемдегі қайталанбас сәттері туралы нақты деректерді келтіргенді жөн көрдік.

1978 ЖЫЛ

КСРО ЧЕМПИОНАТЫ

Финалға дейін 5 белдесуде қарсыластарын таза жықты. Шешуші сында Олимпиада чемпионы, ресейлік Виталий Константиновты 11:3 есебімен еркін еңсерді. Бұған дейін Константинов одақ чемпионатында ешкімнен дәл осылай ойсырай ұтылып көрмеп еді. Ол кезде грек-рим күресінен әлемдегі ең мықты мемлекет Совет одағы болатын. ССРО чемпионатын дәл Шәміл секілді емін-еркін ұтқан балуан тарихта тым сирек кездеседі. Қазіргі қазақ балуандары Шәмілге еліктесе, Шәміл шыңына тәуекел етсе, алаш ұлдарының боз кілемдегі несібесі мол болар еді..

1978 ЖЫЛ

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

Әлем чемпионаты қарсаңында бапкері Анатолий Жарков пен Шәміл тауда, Алматау базасында болды. Себебі, чемпионат өтетін Мехико қаласы теңіз деңгейінен 2240 метр биікте, таулы өңірде. Жарков Шәмілдің басты қарсыластары әлем чемпионатында төртінші болған румын Боцил, Олимпиада және әлем чемпионы, финн балуаны Укколамен қалай күресуді қайта-қайта пысықтаудан жалыққан жоқ. Өзі солардың әдіс-айласын алға салып белдесіп, Шәмілді әбден шыңдады.

Финалға дейін 5 қарсыласын аса қиналмай ұтқан Шәміл шешуші белдесуде Германия балуаны, кейін әлем чемпионы болған Паскуале Пасареллиді 29:9 есебімен тас-талқан қылды. Мұндай есеп гандболда немесе регбиде ғана болады. Күресте мұндай есеппен әлем чемпионы атану заманынан озып туған адамның ғана қолынан келеді. Шәміл бұл чемпионатта жеке-дара шығумен қатар, олимпиялық спорт түрлері бойынша қазақ спортшыларынан бірінші болып дүние жүзінің чемпионы атанды.

«Мексикалықтарға Шәміл Серіков ерекше ұнады. Ол өте шапшаң, қарсыласына бір сәт ес жиғызбайды. Оның шалыс басқан бір қимылын көрмейсің, бәрі есептеулі. Өзі сондай еркін, тұнып тұрған импровизация... Шәміл кілем жанындағы орындыққа отыра кетті, ал оған деген сүйіспеншілігін білдіргісі келген мексикалық бала қазақ жігітінің қолын уқалады. 22 жастағы алматылық динамошыны, Анатолий Жарковтың шәкіртін чемпионаттың (әлем чемпионатының – ред.) үздік балуаны деп сеніммен айтуға болады». “Советский спорт” газеті, 25-тамыз, 1978 жыл.

1980 ЖЫЛ

МӘСКЕУ ОЛИМПИАДАСЫ

1. Шәміл бірінші белдесуде бельгиялық Жульен Мевисті кеудесінен асыра лақтырып, 2 минут 28 секундта таза жықты.

2. Екінші кезекте румын Михал Боцилды 1 минут 25 секундта тізе бүктірді.

3. Үшінші сында итальяндық Антонио Кальтабианоны ұпай санымен жеңді.

4. Төртінші белдесуде чех Иожеф Кристаны 15:3 есебімен ойсырата ұтты. Бұл бәсекеде Шәміл қарсыласын үш рет кеудесінен асыра лақтырды, екі рет етпетінен түсіріп, төрттағанға салды. Екі рет партерден аунатты. 7 минут 58 секундта төреші Кристаны сылбыр қимылы үшін жарыстан алып тастады.

5. Шәміл бұдан кейін швед Бенни Лунгбекті 2 минут 42 секундта таза жықты.

6. Финал. Шәміл Серіков – Юзеф Липень (Польша) – 11:4.

Алла Тағала ғаламат дарын сыйлаған балуан ғана Олимпиада ойындарын дәл осылай ұтса керек. Бұл тек құрғақ күшпен ғана келетін жеңіс емес. Шәміл ақыл-ойы, еңбекқорлығы, табиғи бейімі терең ұштасқан балуан еді. Жаратқан Иеміз Шәміл пендесіне балуандық қабілетті молынан бере салған екен. Осындай азаматтың қазақ болғаны біздің халықтың бойында балуандықтың мол қазынасы бар екенін білдірсе керек. Олай болса, қазақтан грек-рим күресі бойынша 1998 жылдан бері әлем чемпионы неге шықпай жүр? Бойында қазақы қаны бар қаладағы қарадомалақтар, ауылда мал жайлап, су тасып жүрген, оқу күнделігі төрт пен беске толы алаш баласы, осы жағын терең ойлап көрші...

1981 жылы советтің балуандар құрамасы Қиыр Шығыстағы Байкал-Амур магистралына сапарға шығады. Шәміл болса, үйде қалады. Бұл - Мәскеудің қаһары қатты кез. Коммунистік партияның пәрменіне қарсы болды, деген желеумен Шәмілді ССРО құрамасынан шығарып тастайды. Ол Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионына тиесілі жалақыдан да қағылады. Алматыдағы спорт шенеуніктері Шәмілді жұмысқа алмай, соның салдарынан Олимпиада жеңімпазы жеке көлігімен адам тасып, реті келгенде сауда жасап, күнін көреді. Біздің спорт басшылары Серіковты спорт мекемелеріне жолатпаудың бар амалын жасап бағады. Оны тіпті, қарапайым жаттықтырушы қызметіне де алмайды. Осындай қыспаққа, әділетсіздікке қатты күйінген Шәміл сексен тоғызыншы жылы өзіне қол жұмсады...

Қазақ баласы, қазіргі әлемдік спорт ғылымға арқа сүйеп отыр. Олимпиада мен әлем чемпионатының шыңына нағыз ғалым бапкердің ғана шәкірті шыға алады. Осыны жадыңа мықтап сақтағаның дұрыс. Қазіргі қазақ балуандарында күш те, әдіс-айла да, тегеурін де бар. Тек бапкерлердің шығармашылық ізденісі кем соғып жатыр. Сосын алтыбақан алауыздыққа тізгін бермеуіміз керек.

Табиғатынан балуандыққа бейім Шәміл Серіковтің тәлімгерлері Алдабергенов пен Жарков білімді, білікті жаттықтырушылар болатын. Ал ХХ ғасырда әлем күресін мойындатқан, боз кілемнің академигі Вадим Псарев ірі жарыстарға дайындық кезінде, сондай бәсекелер үстінде үнемі Шәмілдің қасында болды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», дейді аталарымыз.

Қыдырбек РЫСБЕК,

публицист

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар