"Жеті жыл тым ұзақ": мас күйде көлік жүргізгендерге жаза жеңілдей ме?
- авторОймақ
- 20 ақпан, 2025
- 60

Сенат депутаты, бұрынғы Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев мас көлік жүргізушілеріне қатысты жазаны жеңілдету жайлы ұсынысты талқылауға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.
Оның айтуынша, қазір қоғам да, ереже бұзуды тіркейтін жүйе де өзгерген. Сондықтан ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары да жақсарған.
Бұрын құқық қорғау органында істегенімде мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен 1 жылға, кейін 2 жылға айыратын болды. Меніңше, кейін бұл жаза қатаңдай түсіп, бес жылға дейінге өзгерді. Сосын 7 жылға айырып, 15 тәулікке қамау туралы шешім қабылданды. Бұл шара жайдан-жай қабылданған жоқ. Ереже бұзу тоқтаған жоқ, адамдар мас күйде рөлге отырып, ірі жол апаттарын жасайтын. Адамдардың денсаулығына, мүлкіне зиян келді. Сондықтан осындай жағдайға жетіп отырмыз, – деді Марат Қожаев.
Оның айтуынша, жаза қатаң болғандықтан, куәлігінен айырылған жүргізушілер отбасын асырау мүмкіндігінен қағылып отырған көрінеді.
Осы ретте мынандай сұрақ туындайды: 7 жыл деген тым ұзақ емес пе? Олар өтініш білдіріп, арыз жазады. Маған да бірнеше өтініш түскен. «Біз жазамызды өтедік қой. 15 тәулікке қамалдық. Кінәмізді түсіндік» дейді. Сондықтан жазасын жеңілдетуді сұрайды. Бұл жаза жағдай ушығып тұрғанда қабылданған. Негізгі себеп адамдар отбасын асырау мүмкіндігінен қағылмауы керек. Сондықтан Мәжілістегі әріптестеріміз бұл сұрақ бойынша жұмыс істеп жатқан шығар. Сенатқа түссе, біз де талқылауға дайынбыз, - дейді депутат.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.