жұма, 21 ақпан, 2025 21:08

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

QyzPU жаңа физика зертханалары – сапалы педагогикалық білім берудің негізі

QyzPU жаңа физика зертханалары – сапалы педагогикалық білім берудің негізі
Университетте физика зертханалары ашылды.

 

 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының физика зертханаларының ашылу рәсімі өтті. Бұл зертханалар заманауи PHYWE және PASCO құралдарымен жабдықталып, болашақ физика мұғалімдерін даярлауда маңызды рөл атқарады.

Ашылу салтанатына Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Нұртайұлы, QyzPU Басқарма-Төрағасы Ректоры Гүлмира Қанай, ғалымдар, мектеп директорлары мен профессорлар қатысып, жаңа зертханалардың лентасын қиды.

«Мұғалім балаларға дәріс беретін болғандықтан, оның білімі зор болуы керек. Бүгінгі таңда мектептерде техникалық жабдықтау жоғары деңгейде. Студенттеріміз сол жабдықтармен жұмыс істей алуы тиіс. Білімді мұғалімнен жоғары білім алатын болса, олардың еліміздің экономикасына қосар үлесі мол болады. Міне, осының бәрін ескеріп, зертханаларды барлық пәндерге қатысты жаңартуды мақсат етіп қойдық. Мен университет оқытушылары мен студенттеріне сенемін. Осы салада оларға тиянақты жұмыс тілеймін», – деді Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев.

Физика-математика және цифрлық технологиялар институты физика кафедрасының алты жаңа зертханасының ашылуы университеттің ғылыми жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Зертханалар заманауи құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда:

PASCO құралдарымен жабдықталған «Интерактивті сынып» зертханасы – физиканың жалпы курсын тереңдетіп оқытуға арналған. Бұл зертхана студенттерге физикалық заңдылықтарды түсінуге көмектесіп, олардың ғылыми ойлау қабілетін дамытады.

 PHYWE құралдарымен жабдықталған «Интерактивті сынып» зертханасы – физиканың жалпы курсын тереңдетіп оқытуға арналған, сондай-ақ физика бойынша демонстрациялық эксперименттер мен фронтальды зертханалық жұмыстарды жүргізу техникасын меңгеруге мүмкіндік береді.

Электр және магнетизм зертханасы – электромагниттік құбылыстарды зерттеуге арналған. Бұл зертхана студенттерге электр тізбегін құрастыру мен дұрыс пайдалану арқылы физикалық принциптерді түсінуді үйретеді.

Оптика зертханасы – жарықтың табиғатын, таралуын және оның затпен әсерлесу құбылыстарын зерттейді

Молекулалық физика және термодинамика зертханасы – молекулалық физика мен термодинамика теорияларын зерттеу және молекулалардың қозғалысын түсіну үшін арналған.

Мектеп физикасының пәндік зертханасы – болашақ физика мұғалімдеріне зертханалық жұмыстар мен эксперименттер жүргізудің техникасын үйретуге арналған.

«Бүгін физика пәні бойынша студенттерге қажетті 6 жаңа зертханалық кабинет ашылды. Бұл біздің университеттің студенттері мен оқытушылары үшін үлкен қуаныш. Қазіргі уақытта студенттерге жаңартылған форматта, жаңа бағдарламалар бойынша дәріс беру қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай, заманауи құралдармен жабдықталған зертханалар ашылып, студенттер осы құралдармен зертханалық жұмыстар жасап, білімдерін жетілдіретін болады. Физика пәні бойынша жаңа бағдарламалар мен силлабустарды жасау қажет. Осы бағытта жұмыс істеп, студенттерге дәріс берген жағдайда, біздің физика мамандығында оқитын студенттеріміз жоғары деңгейдегі білікті мамандар болып шығады деп ойлаймын», — деді Физика, математика және цифрлық технологиялар институты «Информатика» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Кеңесбаев Серік Мұхтарұлы.

Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа зертханалар мен дәрісханалар оқу үдерісінің сапасын жақсартып, білім беру тиімділігін арттыруға жағдай жасайды.

«Мен физик маманымын және студенттер жүргізетін эксперименттерді көріп жүріп, бір сәтке өзім де қайтадан бірінші курсқа түсіп, осы зертханалық жұмыстарды жасағым келіп кетті. Әсіресе, мен іргелі зерттеулерге, сондай-ақ оптика, магнетизм және атомдық физика саласындағы маңызды эксперименттерге ерекше назар аудардым. Бұл – студенттердің заманауи физикамен алғаш танысатын кезеңі. Осындай зертханалардың ашылғанына өте қуаныштымын. Менің ойымша, әсіресе Қазақстанда, жаратылыстану және физика ғылымдары саласындағы мұғалім мамандығы – ең маңызды мамандықтардың бірі. Себебі адамның осы салаға қызығушылығын оятып, оны мемлекеттің экономикасы үшін қажет мамандыққа бағыттау және осы салада өзін қалыптастыруға көмектесу – аса маңызды іс. Мен университет үшін шын жүректен қуаныштымын», – деп атап өтті PhD, Физика-техникалық институтының ғылыми-зерттеу қызметі жөніндегі директор орынбасары Николай Алексеевич Чучвага.

Физика білім беру бағдарламалары аясында ашылған заманауи зертханалар студенттердің теориялық білімін тереңдетіп, ғылыми ізденістерге баулуға және практикалық дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Эксперименттік жұмыстар арқылы олар заманауи құралдарды тиімді пайдаланып, логикалық ойлау қабілетін жетілдіреді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар