Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург: Көшпелілік қазақты көп жерге ие қылды
- авторОймақ
- 8 ақпан, 2025
- 212

Ел еңсесін тіктеп, азаттыққа қол жеткізгелі өткен тарихымыздың көлеңкелі тұстары, көмескі қалған беттері ақырындап ашылып келеді. Әдебиет майданында тарих сахнасындағы елеулі оқиғалар туралы біршама ақын-жазушы қалам тербеп жүр. Олардың арасында Кеңестік заман тұсында ашаршылық тақырыбына арнап роман жазған Смағұл Елубайдың шығармашылығын атап көрсетуге болады.
Таяуда біз қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қарымды қаламы арқылы үлес қосып келе жатқан жазушының өзімен сүбелі сұхбат құрған едік. Смағұл Елубай бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін қаузап, төл тарихымызға қатысты тың деректерді бөлісті. Жазушының күрмеуі қиын мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстары да жоқ емес.
– Смағұл Абатұлы, сұхбаттарыңыздың бірінде өркениетті қоғам құру жолында аяққа тұсау салатын, елдің нағыз жауы – жемқорлық екенін айтып қалдыңыз. Жемқорлық тыйылмай, жұмыссыздық тыйылмайтынын, осының нәтижесінде халық наразылығы туындайтынын еске салдыңыз. Аға, қазіргі биліктің алысып жатқан жемқорлық мәселесімен күресудің балама жолы бар ма?
– Бар. Оған келмес бұрын жемқорлықтың қаншалықты қауіпті екенін айталық. Жаңа Қазақстанның жауы – жемқорлық. Өйткені бюджетке қол сұғу – халық несібесіне қол сұғу. Отыз жыл солай болды. Ақыры жабайы жемқорлық Қаңтар қасіретіне алып келді. Қаңтар қалаға келген ауыл жастарының бейбіт шеруімен басталған еді. Қалаға келгенде оларды ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ. Қала оларды қара жұмысқа салды. Мардымсыз айлығы шайлығына жетпей, не үй ала алмай, не үйлене алмай байғұс жастар тайқы маңдай тағдырдың тәлкегіне ұшырады. Мұндай қалаға шоғырланғандар саны тым көп еді. Олардың мұңын, үнін тыңдаудың орнына сол тұстағы жемқор билік жанталасып өз қалтасын толтырып жатты. Бұл әділетсіздік ақыры Қаңтарға алып келді. Көшеге шыққан жастарды жаңа Қазақстанның ішкі және сыртқы жаулары оп-оңай отқа итерді. «Сіздердің жауларыңыз анау!» деп Ақордаға қарай саусақтарын шошайтты. Сөйтіп, әділеттік іздеген аңғал жастарды жемқорлар отқа да, оққа да итерді. Обалына қалды. Айтпағымыз, осының бәріне кінәлі жабайы жемқорлық еді. Олар сауаты саяз жастардың қолымен от көседі. Қан төгілді. Тағы да айтамыз, Қаңтар дағдарысының авторы – жүгенсіз жемқорлық. Жүгенсіз жемқорлықтың жауы жаңа Қазақстан еді. Бұл күрес әлі жүріп жатыр. Оны жеңу мүмкін болмай жатыр. Өйткені олар өліспей берісер емес.
«Жемқорлықты жеңудің балама жолы бар ма?» дейсіз. Бар деймін. Жүрегіне иман ұйыған кешегі көшпелілер есіктеріне құлып салмайтын. Өйткені олар кісінің сабақты инесін алуға Құдайдан қорқатын. Кешегі 70 жылдық құдайсыз қоғам бізді сол иманнан айырды. Біз Құдайдан қорықпайтын болдық. Халық несібесі – бюджетке қол салатын болдық. Өз қалтамыз толса болды, өзгелердің сорлағанын ойламайтын болдық. Қалтамыз толған арам ақша – халықтың адал еңбегі екенін ойламайтын болдық. Ойымызды ынсапсыздық, имансыздық жайлады. Иманды ұмытып кеттік. Халқымыздың жүрегіне мың жылдай ұя салып ұйыған Ясауи тәрбиесін тәрк еттік. Сол тәрбие, жүректердегі имани тәрбие бізді ұрлық-қарлықтан, жемқорлықтан сақтайтын ұлы күш еді. Содан айырылып қалдық. Жолда ат басындай алтын жатса да нәпсісіне жеңдірмейтін сол ұлы күштен айырылдық. Қанша заңды қатайтсақ та жемқорлық сондықтан жеңдіртпей келеді, біздіңше.
Ясауия тариқаты қазақтың рухани болмысын қалыптастырды
– Ясауия тариқатының исламтануда прогрессивті рөл атқарғаны турасында пікірлерді жиі айтасыз. Осы ретте Ясауия аталатын сол ұлы тәрбиенің халық болмысын қалыптастырудағы рөлі қандай болды?
– Ясауия тариқаты қазақтың рухани болмысын қалыптастырды. Егер қазақтың өзге халықтан бір өзгешелігі бар болса, оны осы Ясауиядан іздеу қажет. Қараңыз. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында қызыл өкімет Қазақстанға Қиыр Шығыстан кәрістерді, Волга бойынан немістерді, Кавказдан шешен-ингуштарды әкеліп лек-легімен төкті. Өздері ашаршылықтан ашқұрсақ отырса да халқымыз сол босқындарды құшақ жая қарсы алды. Бір жапырақ нанын солармен бөлісті. Үйінен ысырылып орын берді. Тоңғандарын жылытты. Жылағандарын жұбатты. Әлгі халықтар қазақтан көрген осы жақсылықтарын әлі күнге жыр етіп келеді. Ендеше осынау ағыл-тегіл адамшылық қазақ болмысына қайдан келді? Бойымызға мың жылдай ұялаған иманнан келді. Сол сопылық ілімді Ұлы Далаға таң шуағындай таратқан Ясауия тәрбиесінен келді. Сондықтан да, Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» айта білді. Гуманизм майданында жақсылық жасаудан жарыс бола қалса, сопылықтан өткен жүйрікті табу қиын болар еді. Кешегі қазақтарға тән ағыл-тегіл адамшылық, гуманизм сыры осында деп білемін.
– Аға, бүгінгі қазақ қоғамының мәдени кеңістігінде есіміңіз кинодраматург рөліндегі шығармашылық туындыларыңызбен де көпке мәлім. Мектеп бағдарламасынан бастап Ясауи ілімі мен халыққа сіңірген еңбегі туралы қаншама рет оқытылып, баланың санасына сіңіруге тырысқанымызбен Ясауи туралы экранизацияланған бірде-бір туынды жоқ. Неліктен қазақ киносында әлі күнге дейін Ясауи бейнесі сомдалмаған?
– Рас, кинода бұл тақырып қозғалған жоқ. Дұрысы қозғай алмадық. Оның үлкен себебі бар. Бұл тақырыпты қозғау үшін бізге тек кино маманы болу аздық ететін еді. Мұрының сопылық сырын сезбей тұрып бұл тақырыпқа қалам тарту мүмкін емес еді. Күпірлік еді. Әулиелер әлемін білмей тұрып Ясауи туралы айту мүмкін емес еді. Бұл тақырыпқа бара алмауымыздың себебі – осы. Бірақ біз бұл әлемді, әулиелер әлемін түсінуге талпындық. Пірлердің пірі Қожа Ахметті тануға талпындық. Содан кейін ғана бұл тақырыпқа қалам тарттық. Нәтижесінде, бүгінде «Ясауи» атты сценарий дайын. Қазір өз қолдаушысын күтіп тұр.
– Шығармашылығыңызға үңілсек, Кеңестік заманның өзінде ашаршылық тақырыбына арнап роман жаздыңыз. Ал бүгінгі азаттыққа қол жеткізіп, еңсесін тіктеген тәуелсіз елде бұл тақырып ойдағыдай көтеріліп жүр ме? Алда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні келе жатыр. Айтулы күнге қоғам қандай дайындықпен баруға тиіс?
– «Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Президент пәрменімен құрылған Мемлекеттік комиссия қыруар жұмыс атқарды. Тақырыпқа қатысты Ресей, Қазақстандағы архив материалдарын том-том етіп шығарды. Алда – ұлттық аза тұту күні. Осы күн аты мен затына сай атап өтілсе екен дейміз. Заты дегеніміз – жоқтаусыз кеткен жарты халық аруағы. Ең алдымен бұл күні бүкіл елімізде мемлекеттік тулар түсірілсе. Экрандарда ойын-сауық шегеріліп, көрермен назарына «Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандары туралы» әңгімелер, фильмдер ұсынылса. Мешіттер мен шіркеулерде дұғалар оқылса. Одан бөлек, тағы бір тірілер қолға алуға тиіс шара бар. Ол – ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Аза сарайын» салу. Бұл сарай Лондондағы «Мадам Туссоу» музейі үлгісінде салынса. Яғни, ішіндегі балауыз мүсіндер Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын көз алдымызға «тірілтіп» әкелетін болса. Туристер үшін де, ол заманнан хабарсыз бүгінгі ұрпақ үшін де сол тарихтың «тірілген» нұсқалары бек әсерлі болар еді. «Мадам Туссоу» музейінде біз сондай күйді бастан кештік.
– Жақында Төлен Әбдіктің Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбаты жарияланды. Ағамыз жазушылардың туындыларын шынайы тарих деп қабылдауға болмайтынын, әдебиеттің қарапайым шарттарын ұғынбай тарих қойнауындағы оқиғаларды баяндау құптарлық емес әрекет екенін түйреп өтті. Әдебиет майданында қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар қазақ тарихы турасындағы тақырыптарды қозғауға тиіс пе? Жазушының пікіріне нендей көзқарас танытар едіңіз?
– Талантты тұлға Төлен Әбдіктің Egemen Qazaqstan-ға берген сұхбатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылы лебіз білдірді. Төлен Әбдік сұхбаты, шынында да, оқырманды бейжай қалдырмайды. Оқырмандар арасында оның, әсіресе тарих тақырыбын қозғаушыларға қатысты айтқан қышқыл ойлары қилы пікірлер тудырып та жатыр. Жазушы атын атамаса да тарихқа өзінше тон пішетін кейбір қаламгерлерді түйрепті. Төлен жазушы бәрін емес, әдебиетіміздегі тарихи тақырыпқа жазылған кейбір романдарды түйреген шығар деп түсіндік.
Отаршыл саясатқа бас шұлғымай, ұлттың шынайы тарихын жазу мүмкін болмады
– Ағамыз қазіргі жастар қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаған аға буын жазушылардың көбінің шығармаларын оқи бермейтінін, оның себебін заман ағымының өзгеруімен, баяғыдай цензураның болмауымен байланыстырады...
– Бұл ауыр да болса ащы шындық. Кеңестік қызыл цензураның заманында қаны тамып тұрған қазақ тарихын шынайы жазу мүмкін болмады. Отаршыл саясатқа бас шұлғымай ұлттың шынайы тарихын жазу мүмкін болмады. Қазақ әдебиеті үшін бұл қасірет болды. Бүгінгі жастар соцреализм шығармаларын қабылдамай жатуы осыдан деп ойлаймын.
Ілияс Есенберлиннің «Қаһары» қара базарда бір қойдың құнына сатылды
– Төлен ағаның тағы бір сөзін алға тартқымыз келіп отыр. Ол «қазіргі қазақтың жасы да, жасамысы да баяғы түркілерден қалған рухты, көшпелілер заманын аңсап, оның мәдениеті туралы проза, өлең, мақала жазып, мақтанатынды шығарғанын» айтып, шын мәнінде көшпелілер мәдениеті не деген сауалға жауап береді. Қалай ойлайсыз, бұл расымен әдебиетте әлі күнге дейін ескіліктен, бағзы заманғы қатып қалған таптаурындардан арыла алмай жүргеніміз емес пе?
– Кешегі қызыл империяның қандықол басшысы Сталин 1944 жылы түркі тарихын зерттеуге, насихаттауға ресми түрде тыйым салды. Қазақ тарихын қаузаған Ермұхан Бекмаханов бастаған тарихшылар түрмеге тоғытылды. Бұл қудалау төл тарихқа деген сұранысты кемсітті ме, жоқ, тіптен, өршітіп жіберді. Сондықтан да, Ілияс Есенберлиннің «Қаһары» қара базарда бір қойдың құнына сатылды. Айтпағымыз, түркілер тарихына тыйым салу – түркілер тарихына деген сұранысты үдетті. 250 жыл бойы өз тарихына шөліркеп келген қазақтың Тәуелсіздік тұсында тұңғыш рет төл тарихы тұсаудан босады. Тақырыпқа сұрапыл сұраныс туды. Содан ақын-жазушыларымыз қыза-қыза келе түркілер тарихындағы тирандарды да жырлауға көшті. Қай ұлттан екеніне қарамастан қан кешкен тирандардың аты тиран емес пе?! Олардың Гитлерден несі кем еді? Олардан ұлттық қаһарман жасау, әрине қателік еді. Бұл жерде мен Төлен жазушы жағындамын. Бірақ мен көшпенділер мәдениетін толық жоққа шығаруға қарсымын. Рас. Көшпенділіктің уақыты өткен еді. Отырықшылыққа өтетін кез келген еді. Солай деп қазақты Голощекинше Ұжмаққа таяқтап кіргізу неге алып келді? Көшпелілердің қара шыбынша қырылуына алып келді. Отырықшылыққа мүлдем бейбіт түрде де өтуге болатын еді. Халықты қырмай. Осы тәсілді Голощекинге алашордашылар атынан Смағұл Сәдуақасов айтты.
Ашық айтты. Соны айтқаны үшін олар қара тізімге ілікті. Басы кетті. Ата-бабамыз көшпелі болғандықтан тарихтан таяқ жедік деуге менің аузым бармайды. Зұлымдық империясымен көрші отырғандықтан таяқ жедік десек, әділін айтқан боламыз. Қараңыз! 1897 жылғы жалпыресейлік тұңғыш халық санағы бойынша қазақтар бүкіл Орталық Азия көршілеріміздің жалпы санынан екі еседей көп болды. 4 млн 84 мың кісі. Қырғыздар 200 мың, өзбектер 750 мың болды. Содан бүгінге дейін ашаршылықты бастан кешпеген көршілеріміздің табиғи өсімі 28-30 есе көбейді. Ал большевизм тұсында 3 ашаршылық бастан кешкен біз небәрі 3 есе ғана көбейіппіз. Егер 3 ашаршылыққа ұрынбасақ, біз де табиғи өсіммен 28-30 есе көбейіп, бүгінде 100 миллионнан асқан алып ел болып отырар едік. Солай көшпелілік тұсында біз көп болдық. Ол аз байлық па?! Көшпелілікте кемшілік көп. Бірақ сол көшпелі ата-бабамыз бізге басты байлық – ел байлығы мен жер байлығын қалдырды ғой! Сол байлық үшін ғасырлар бойы ат белінен түспей алыспап па еді?! Ендеше сол ата-бабалар аруағына қанша тағзым етсек те көптік етпейді, ағайын!
Көшпелілік тұсында қазақтың көбеюінің тағы бір себебі болды. Отырықшылар қаласын тастап кете алмай омалып отырғанда жау қала халқын жаппай қылыштың жүзінен өткізетін. Ал көшпелі қазақ ауылы ел шетінде жау төбесі көрінгеннен-ақ кең даланы бетке алып көше жөнелетін. Ел шетінен кірген жау сөйтіп ауылдың орнын сипап қалатын. Қазақты жаппай қыра алмайтын. Өйткені көшпелі ауыл өте мобильді болды. Кең дала оларды жойқын жаудан құтқарып отырды. Кең дала олар үшін стратегиялық рөл атқарды. Жаппай қырғыннан көшпелілерді құтқарып отырды. Көшпелілердің 1897 жылғы санақта Орталық Азия отырықшы елдерінен екі есе көп болуының бір себебі осында.
Осы орайда халық саны әңгіме болғаннан кейін бір мәселені айтпай кетуге тағы болмайды.
Ол – большевиктік лаң тұсында жерін тастап дүниенің төрт бұрышына торғайдай тозып кеткен қазақтың бүгінде шетелде жүрген 4 миллиондай ұрпағын ата-жұртқа көшіру мәселесі. Бұл мәселе тәуелсіз Қазақстанның күн тәртібінен ешқашан түспеуге тиіс. Сол шетел қазақтарының ата-жұртқа оралуы жолындағы кедергілер түгел алынып тасталуға тиіс, ағайын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын десек. Мына қысқа күнде қырық құбылып жатқан заманда тіліміз, дініміз, діліміз түгел болсын десек...
Сырт көздің бізге берген бағасы тіл майданында көзімізді ашқандай болды
– Тіл мәселесіне ойыссақ. Қазір көптеген қазақ отбасының өз балаларын орыс мектепке беретінін жиі байқаймыз. Өкініштісі, бұл үрдісті уақыт өте келе санамыз да үйреншікті құбылыс ретінде қабылдап бара жатқан сыңайлы. Бұл ретте «тәуелсіздік» мәртебесін алып, жаһанмен тереземіз теңессе де ана тіліміздің деңгейін құлдыратып алған жоқпыз ба деген сауал туындайды. Мұның түбі қайда алып барады?
– Ана тілімізге атүсті қарау жақсылыққа апармайды. Қараңыз! Жаһандану деген жалмауыз ай сайын әлемде 2 тілді жалмап келеді. Жұтып келеді. Яғни, ай сайын 2 халық тарих сахнасынан көшіп жатыр деген сөз. Келместің кемесіне мініп кетіп жатыр деген сөз. Бұл драма біздің көз алдымызда өтіп жатыр. Екі апта сайын бір тіл өшіп, екінші бір тіл өсіп жатыр. Бір тіл бір тілді жалмап жатыр, жұтып жатыр. Мына жаңа ғасырдағы жаһандану жаңалығы – осы. Осынау ғасыр драмасын көріп отырып тіл үшін күреспеу, ең болмаса өз отбасыңда өз тіліңді сақтай алмау, қорғай алмау түптің түбінде қандай қасіретке алып баратынын айтып отырмыз. Ашық айтып отырмыз: тілің бар болса – барсың, тілің жоқ болса – жоқсың. Путин: «Іс жүзінде Қазақстан – орыстілді ел» деді емес пе? Сырт көз – сыншыл. Сырт көздің бізге берген бұл бағасы тіл майданында біздің көзімізді ашқандай болды. Біз ауыр да болса ащы шындықты естідік. Ендеше бұл ащы шындықты мойындап, тіл майданында батыл да бетбұрысты шешімдер жасайтын кез келді деген сөз.
Соның бірі – мемлекеттік балабақшалар мен мектептерді түгел бір мемлекеттік бағдарламаға көшіру дер едік. Яғни, мектептерді қазақ, орыс деп бөлмей бір мемлекеттік бағдарламаға көшіру. Ұлтына қарамастан бұл мектептерде барлық бала бірге оқыса. Мектепті бітірген балалар қазақ, орыс тілдерінде сайрап шықса. Олар Қазақстанда жұмысқа орналасқанда тілдік негізде ешқандай кедергілерді көрмейтін болар еді. Қазақ мектебін бітірген Герольд Бельгер Қазақстанды қалай сүйсе, мұндай мектепті бітіргендер де Қазақстанды солай сүйген болар еді. Айналып келгенде алдағы 10 жылда тіл мәселесі өзінен-өзі шешілер еді. Ортақ тілдің арқасында отандастарымыз ұлтараздық, жікшілдік деген кеселдерден құлантаза айығар еді. Өйткені өз тілін білетін өзге ұлт өкілдеріне деген қазақ құшағы қашанда ашық. Мұны күнде көріп жүрміз. Бельгерді қазақ бауырындай жақсы көрді. Бельгер де қазақты жақсы көрді. Тілдің арқасында. Ортақ бағдарламамен оқытылатын осындай мектепті бітіргендер арасынан ертең Бельгерлер қаптап шықпасына кім кепіл?! Біз сонда Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, шынайы қазақстандық патриотизмнің салтанат құрғанына куә болар едік. Бір атаның баласындай бұл бауырластық ел экономикасының дамуына да оң ықпал ететін зор жемісті дүмпу болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет, аға! Ғұмырлы болыңыз!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Aikyn.kz
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Димаш Құдайберген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісіне қолдау білдірді
- авторОймақ
- 21 ақпан, 2025