Сенатор депутаттық сауалында:
"Қыз тағдыры – Ұлт тағдыры! Елімізде ерте жүктілік жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Бұл ұлт сапасына тікелей әсер ететін фактор екені белгілі.
Осы орайда нақты деректерге тоқталғым келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне назар аударсақ, соңғы бес жылда 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Жасөспірімдердің туу деңгейінің күрт өсуі пандемия кезінде басталған. Содан бері өткен төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келеді.
2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5094 босану тіркелген. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құраған (2019 ж. –
3 602 жағдай, 0,9%). Осылайша, ел бойынша туу көрсеткіші 15-19 жастағы
1 мың қызға 32,63-тен келіп отыр. Ал, ауылдық жерлердегі жасөспірімдер арасында аталған көрсеткіш қаладағы көрсеткіштен екі есеге дерлік көп, яғни – тиісінше 44,15 және 24,72.
Біз осы қайда бара жатырмыз? Ұят деген ұғымның өлгені ме? Адамдықты надандық жеңгені ме?
Бұл бірлі-екілі жағдай болса бір жөн.
Еліміздің жеті өңірінде, әсіресе, оңтүстік және батыс аймақтарда жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары. Оның ішінде, Жамбыл (52,94), Түркістан (47,09) және Маңғыстау облыстарындағы (37,7) деректер ерекше алаңдатады. Бұл өңірлерде жасөспірімдердің туу көрсеткіші ауылдық жерлерде де, қала тұрғындары арасында да өте жоғары.
Бұл ретте аталған туу деректері – медициналық мекемелерде жүктіліктің тіркелген фактілері бойынша анықталғанын ескеруіміз керек. Әрбір жүктілік бала тууға әкелмейтінін назарға алсақ, жүктілік жағдайы біз келтірген деректерден әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін аңғарамыз.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр жасөспірімдер арасында жүктілік жағдайларының 10,2 пайызға[1] төмендегені байқалады (2023 жылға қарай). Дегенмен, уәкілетті орган жүктіліктің әрбір жағдайын тіркемейтінін есте ұстаған жөн. Сондықтан деректердің дұрыс есептелмеуінен де осындай динамика қалыптасуы мүмкін.
Жап-жас қыздарды қорлау, тіпті зорлау көбейді.
Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалады. Ішінен тынып қыз қалады. Жүректерде сыз қалады.
«Ауруын жасырған өледі» дейді біздің қазақ. Көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болып отыра береміз бе?
Біз бұл проблемаға айрықша назар аударуымыз қажет. Өйткені оның салдары әлеуметтік тәуекелдерге әкеліп соқтырады. Бұл өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық.
Сонымен қатар ерте жүкті болған қыз автоматты түрде қауіп-қатер аймағына енеді, білім алу мүмкіндігін жоғалтады, әлеуметтік қайшылықтарға тап болады. Тіпті, суицид жағдайына әкелетін психологиялық көңіл-күйге ұшырайды.
Сондықтан осы айтылғандарды ескере отырып, балалар мен жасөспірімдерге аталған мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұлттық деңгейде жүйелеу қажет деп есептейміз.
Бірінші. ҚР Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ, осы салада жұмыс істейтін халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың (UNFPA, UNICEF және т.б.) қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет.
Екінші. Жастар денсаулық орталықтарының қызметіне олардың өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық және медициналық қолдау көрсету жұмыстарының тиімділігі тұрғысынан бағалау жүргізу қажет.
Үшінші. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды. Сонымен қатар, зорлық-зомбылық фактілеріне жіті мониторинг жүргізіп, жетесіз жастардың жауапкершілігін күшейту керек.
Төртінші. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының
27-бабына сәйкес, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймын" делінген.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.