Flyarystan билеттерінің бағасы өзге елдердің әуе компанияларымен салыстырғанда бәсекеге қабілетті ме? Бұл туралы бүгін Мәжілісте сөз болды. Мәжілістегі елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған Үкімет сағатына "Эйр Астана" тобының басшысы Питер Фостер де қатысты. Ол депутаттардың сауалына жауап берді.
"Ең алдымен Air Astana компаниялар тобы монополист еместігін атап өткім келеді. Өйткені, 2011 жылдан бері ішкі мнополия жойылды. Қазір лицензияланған 4 компания жұмыс істейді. Олар: Air Astana group-қа кіретін Air Astana мен Flyarystan, сонымен қатар Scat пен Qazaq air. Ендігі уақытта ішкі де, халықаралық рейстерде де монополия жоқ. Осы жылдың қарашасына дейін FlyArystan 4,1 млн жолаушы, оның ішінде ішкі бағытта шамамен 3,8 млн, халықаралық бағытта 270 мың жолаушы тасымалдады. FlyАrystan Air Astana-ға қарағанда ішкі нарықтағы әлдеқайда ірі оператор саналады. Себебі Air Astana қазіргі уақытта негізінен халықаралық бағыттарды дамытуға басымдық береді", - деді ол Мәжіліс депутаттарының сауалына орай.
Сонымен қатар ол ұшақ билеті бағасына қатысты мәселеге тоқталды.
"Билетті ертерек алсаң, соған орай арзан болады. Билет бағасы сұранысқа да аса байланысты. Сол себепті демалыс және мереке күндері баға жоғары болады. Бұл саладағы динамикалық баға қалыптасуға байланысты әрі әлемдік тәжірибе", - деді Питер Фостер.
Ол компанияның барлық шығыстары негізінен доллармен жұмсалатындығын атап өтті.
"Әдетте әуе компаниясының барлық шығыстарының 66,6 пайызы доллармен есептеледі. Ол - негізінен ұшаққа байланысты шығыстар. Әрине, ковид кезінде салада кедергілер болды. Сондай-ақ өндірушілер үшін жеткізілім тізбегінде де проблемалар болды. Дегенмен, жергілікті әуе компаниясы ретінде Flyarystan рейстерінің орташа бағасы өзге елдердің әуе компаниялары рейстерінің бағасымен салыстырғанда біршама бәсекеге қабілетті деп санаймыз", - деді компания басшысы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.