бейсенбі, 14 қараша, 2024 9:29

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Шынар АСАНҚЫЗЫ: Бала қауіпсіздігі қашанда өзекті

Шынар АСАНҚЫЗЫ: Бала қауіпсіздігі қашанда өзекті
Фото: Oimaqnews.kz
Бізде білім ордаларының қауіпсіздігіне қатысты күрмеулі мәселе жиі кездеседі. Өйткені, мемлекеттік органдардың ғимараты арнайы күзетпен алынбас қамалдай қорғалса, мыңдаған бала оқитын орта мектептердің аумағы кез-келген адам емін-еркін кіріп жүре беретін аула сияқты. Бірер ай бұрын Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқушылар саны 700-ден асатын мектептерге арнайы лицензиясы бар күзет қызметі қойылуы керектігін айтты. Оларда радиобайланыс құралдары, қызметтік қару және жедел мобильді топтар болуы керек деді. Біз осы орайда АҚШ-та білім алып, әрі әлеуметтік тақырыптарды, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам ұрлығы, бала қауіпсіздігі секілді өткір мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау тақырыбын зерттеп жүрген журналист Шынар Досановамен осы проблема төңірегінде аз-кем тілдестік.

- Шынар Асанқызы, біздің қоғамда бала ұрлығы, олардың қауіпсіздігі, мектептегі буллинг тақырыптары қашанда өзекті. Бұл мәселені шешу, алдын алу арнайы органдардың міндеті. Дегенмен, көп жағдайда мұндай жабық тақырыптар төңірегінде бірінші болып журналистер дабыл қағады, мәселенің шешілуіне үлес қосып жатады.Сіз өз тәжірибеңізде осындай мәселемен бетпе-бет келген кезіңіз болды ма?

- Осы уақытқа дейінгі газет, телевизия саласындағы тәжірибемді саралап отырсам, аталған проблема төңірегінде біраз мақала, сараптамалық сюжеттер дайындаппын. Құрғақ статистикамен шектелмей, баласы іс-түссіз жоғалып кеткен немесе ұл-қызы буллингтің құрбаны болған ата-аналармен кездесіп, олардың жан айқайын ақпарат құралдарында көтеріп, мәселенің шешілуіне үлес қосқан кездер де болды. АҚШ-қа келгелі мұнда да бала қауіпсіздігі мәселесінің өткір екенін байқадым. Біраз жыл бұрын қазақстандық жасөспірімдер арасында «Синий кит», «24 сағат жоғалып кету» секілді қауіпті челлендж ойындардың таралғанын білесіз. Мұндай қауіпті ойындар америкалық оқушылар арасында да кездеседі екен. Ал осы әлеуметтік тақырыпты ақпарат құралдары қалай жариялайды екен, проблеманы шешуге, алдын алуға журналистер қалай ықпал ете алады деген сұрақ пайда болды. Сол үшін алдағы уақытта осы мәселе төңірегінде арнайы зерттеу жүргізсем деймін.

- Бұл тақырыпты Қазақстанда жүргенде зерттеп бастадым деп отырсыз. Бала қауіпсіздігіне қатысты қандай өзекті мәселелер бар бізде?

- Осыдан бірер жыл бұрын Қазан қаласындағы орта мектептердің бірінде қару асынған қандықол мектепке басып кіріп, қаншама баланың өмірін қиғаны туралы оқиға тіркелді. Осы оқиғадан кейін мен біздегі білім ордалары мұндай қауіпке қарсы тұруға қаншалықты қауқарлы екеніне журналистік зерттеу жүргіздім. Біздің түсірілім тобымыз мамандандырылған күзет қызметінің мамандарымен бірге елорда мектептерін аралап шықтық. Олардың лаңкестікке қарсы қорғанысын көзімізбен көргіміз келді. Сол кезде күзет саласының мамандары көптеген мектептегі қауіпсіздік құрылғыларының дұрыс орналаспағанын, талапқа сай келмейтінін көрсетіп берді. Мысалы, бір мектепте дабыл түймесі күзетшіден екі метр қашықтықта орналасқан, бақылау мониторы да күзетшінің емес, вахтер отыратын кабинетке орнатылған. Ең өрескелі, монитор оның арқа тұсына қойылған, яғни, көз алмай қадағалап отырады деу қисынға келмейді. Менің айтып отырғаным елордадағы жағдай, ал ауыл-аймақтағы ахуалды өзіңіз бағамдай беріңіз. Шалғай елді-мекендердегі далада орналасқан лас, суық  әжетханалар өз алдына бөлек тақырып. Есіңізде болса, далада орналасқан осындай әжетханада оқушы қызды зорлау фактісі тіркелген болатын. Таяуда еліміздің Бас полицейі мектептегі қауіпсіздік мәселесінің әлі де өзекті екенін айтты. Өйткені, екі жарым мыңдай орта мектепке жүргізілген тексерудің нәтижесінде  мыңнан аса заң бұзушылық анықталыпты.  

- Ал, АҚШ мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі қалай екен?

- Бұл мектептің орналасқан аумағына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, әлеуметтік жағдайы төмен, қылмыс деңгейі жоғары аудандардағы мектептерде сәйкесінше қауіп те жоғары. The National Center for Education Statistics ұйымының мәліметі бойынша былтыр АҚШ мектептерінде 400-ден астам оқ ату фактісі тіркеліпті, адам өлімі де бар. Жалпы, оқушылардың мектепке суық қарумен келуі, бір-біріне қару кезенуі туралы ақпаратты жиі көзіміз шалады.

- Мектептегі қауіпсіздікті күшейту, оның алдын алуда қандай тәсілді қолданады екен?

- Менің үш балам да мектепте оқиды. Бір байқағаным, мұнда қауіптің алдын алуға балаларды ерте дайындайды. Бір күні қызым «Біздің мектепке террористер кіріп кетті, мұғалім есікті жауып, жарықты сөндіріп тастады. Бәріміз үстелдің астына жасырындық» дегенде шошып кеткенім бар. Сөйтсек, бұл оқу-жаттығу шарасы екен. Мұндай шаралар өте жиі өткізіледі және оқушыларға дабыл қоңырауы соғылғанда есікті қалай құлыптау, қайда жасырыну керектігі тәптіштеп түсіндіріледі. Мысалы, мұнда оқу кабинеттерінің есігі іштен құлыптанса, сырттан ешкім аша алмайды. Оны ашатын кілт тек мұғалімде болады. Сабақ басталған соң, кабинет де, мектептегі сыртқы есік те тас бекітіледі. Сабақ уақытысында әрбір мектептің алдында құқық қорғау органдарының өкілдері кезекшілікте тұрады. Бірақ, қауіпсіздік шарасын қатаң сақтайтын АҚШ-тың өзінде статистика көңіл көншітпейді. Сондықтан, өзімнің зерттеуімде екі елдің тәжірибесін салыстырып, қандай артық-кем тұстары бар екенін, қандай мәселені ескеру керек, не үйренуге болады деген сауалға жауап іздегім келеді. Деректі фильмдер, подкастар түсіру арқылы қоғамды ақпараттандыруға үлес қоссам деймін. Бала құқығы, қауіпсіздігі тапталған жағдайда қайдан көмек сұрау керек, кімге хабарласу керек деген сауалды көтергім келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет, ісіңізге сәттілік!

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар