сәрсенбі, 30 қазан, 2024 4:45

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мен сені жақсы көрем

Мен сені жақсы көрем
фото: ашық дереккөз
Жүректерге жеткен ән кеші

“Жылдар жылдар қайтар маған

Бақытымды байқалмаған

Сезімімді айталмаған

Ол күндерден неге өкініш қалды мұң” деп ән айтатын әнші, сазгер Лашын Мұратқызын білмейтін жан кемде-кем. Әуезді әнімен, жағымды даусымен халықтың жүрегінен орын алып, бір әнімен танылып, бағы ашылған ақжолтай өнер иесі елордаға келіп, «Қайтар маған» атты ән кешін өткізді.

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында өткен концертте Лашынның өз әндері, қазақ композиторларының танымал әндері шырқалды. Әкеге, асыл анаға арналған әндермен кеш шымылдығын ашқан әнші  әкеге құрмет, анаға өсиеттің ұлт үшін бойтұмардай қадірлі екенін нәшіне келтіре жеткізді.Өмірден өткен аяулы бейнелер көз алдымызға келіп, көзімізден жас болып ақты...

- Самал желі мақпалдай, өнердің бесігі Сарыарқа төсіне әніммен келдім, жаңа әуен шашуыммен келдім,- деп көрермен алдына шыққан Лашын Мұратқызының ән кеші айрықша өтті, қазақ эстрадасының жұлдыздарымен бірге өнер сахнасында ән салды, өнерлі қыздары Ажар және Анельмен дуэт, трио болып салған әндері жүректен жүректерге жетті. Лашынның даусында ерекше тембр, сағыныш, тәтті мұң бар. Таңдайына қарлығаш ұя салғандай әндері әуезді естіледі. Ол жайлы өнертанушылар, журналистер бағалап, жазғаны белгілі. Ән әлемінде өзіне тән лайықты орын алған Лашын Мұратқызы халқымыздың сүйіп тыңдайтын әншісіне айналды.

Лашын Мұратқызының шығармашылығын зер салсақ, өнер иесінің ән қоржынында ұлт эстрадасының дамуына үлес қоса алатын өзге де тамаша әндердің бар екенін байқайсыз. «Жоғалған сезім», «Тағдырдан көреміз неге?», «Асыл ана», «Әкеге сағыныш» және т.б. лирикалық әндері соның дәлелі. Әншінің өзіне тән болмысы, дауыс бояуы, қоңыр үні, репетуар таңдаудағы талғамы шығармашылығына кәсіби көзқараспен қарайтынын білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, Лашын Мұратқызы – қалыптасқан әнші. Өнер әлеміне үлкен дайындықпен келген.

Ән кешінде Сенат депутаты Жанболат Жөргембаев пен ақын, жазушы, Қазақстан журналистер академиясының академигі, республикалық “Тіл қазына” ғылыми-практикалық орталығы атқарушы директорының орынбасары, бас редактор Әділбек Қаба “Мен сені жақсы көрем” ән жинағының тұсауын кесіп, кеш иесіне ақ жол тіледі. Белгілі әнші Нұрлан Албан жүргізген әдемі ән кешінде өнерде бірге жүрген әншілердің бір-біріне болсын деген тілеулестігі, бір сахнада ән салуы көрерменге жақсы әсер қалдырды. Танымал әншілер Айгүл Қосанова, Мұхтар Ханзада, Сержанәлі Әлібек, Ербол Спаналиевпен салған әндері, LED экрандағы көріністер, сахнаның безендірілуі, костюмдері, әнші мен ансамбльдің жанды дыбыстағы әуезді музыкасы өте әсерлі болды.

Сонау 2001 жылы алмағайып заманда Нұрлан Өнербаев арнайы музыкалық білімі бар маманды тікелей эфир студиясына жұмысқа алып қана қойған жоқ, Лашынның өнерінің өрістеуіне жол ашты. Журналист Жанар Оразымбетқызы оны қанатының астына алып, қамқорлық танытты. Қазақ радиосы Лашынның шығармашылық тұрғыдан өсуіне үлкен ықпал етті. Өйткені, ол мұнда көп өнер адамдарымен әріптес болды, күнделікті эфирде отырып әншілермен, композиторлармен танысып, қоян-қолтық араласып, жұмыс істеді, шығармашылығын өрістетті.

Әнші Лашын, сазгер Лашын, ана Лашын, іскер Лашын, "Мәдениет саласының үздігі", әндерін тыңдарман үздік деп бағалап, «Алтын қорға» әндері жиналған – Лашын Мұратқызы Астананың сахнасында жанды дауыспен тамылжыта ән салды, жиналғандарджың жүрегіндегі сезімдерді оятты, жақсы әндерімен тербеді, осы арқылы қазақ қызының жеткен биігін көрсетті, мүмкіндіктерін саралады, халқы алдында абыройы аспандап, мерейі үстем болды. Ән әлемінде шарықтаған сазды әуендері әуелей берсін, құлақ құрышын қандырар жақсы әндері көбейе берсін деген тілекпен өнер иесіне гүл сыйлап, ду қол шапалақтап, үйімізге керемет әсермен оралдық.

Гүлшат Сапарқызы

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар