жұма, 4 қазан, 2024 22:05

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Газ жағдайы ушығып барады – Балабиев

Газ жағдайы ушығып барады – Балабиев
фото Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р. Склярға депутаттық сауал жолдады.

Депутат сауалында: "Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде өткен кеңесте: «Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Адамдар газды жылдан жылға көбірек тұтынуда, бірақ газ өндіру қарқыны оған сай емес. Халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету керек.», - деп айтқан болатын. Түркістан облысында табиғи газбен қамтылған елді  мекендер саны
557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайызды құрайтынын" айтады.

Десе де, әлі 300-ге жуық елді мекені осы күнге дейін газбен қамтылмаған. Яғни, жарты миллиондай жұрт көгілдір отынсыз күнелтіп келеді. Үш айдан бергі газ тапшылығы «жығылған үстіне жұдырық» болып, газ баллондарын сақырлатып, жұртты бекет жағалатып қойды. Бұған автокөліктері тек газбен жүретіндерді қосыңыз. Ал үш айдан бері не Энергетика министрлігі, не әкімдіктер мәселені шешуге асығар емес. Бір пысықайлар 1000 теңге берсе, бір бак пен баллонды толтырып беріп, 500 теңге қосымша төлесе, жартылай газ құйып беріп, өз қалталарын пұлдап жатыр. Кей жерлерде 70 мың теңгеге талон сатылуда. Қайда барсаң газ жоқ, ал бар жердің жағдайы – жаңағыдай.  

Жалпы, газ жағдайы ушығып барады. Қыс болса – қыр астында. Табиғи көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген ауыл тұрғындары газ баллондарын кәдеге жаратып жүр еді. Ал қазір ол да жоқ. Қалыптасқан жағдайды кім және қашан шешеді?

"Облыс халқының 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Олар газ баллондарын күнделікті тұрмыста пайдаланады. Тұтынушыларға баллонмен газ жеткізіп беретін  мекемелер қызметін тоқтатқан. Көлігі барлар қалаға сандалса да, газ әкеледі, көлігі жоқтар есек арбамен отын мен тезек теріп от жағып жатыр. Онсыз да жолдары жалаңаштанып, көлеңкелейтін талы жоқ облыста осылайша бұталай берсе, жыңғылдан жыңғыл, сексеуілден сексеуіл қалмас. Президент күні кеше жасыл аймақ, ну орманды көбейтуді тапсырды емес пе?!

Заң талаптарына сәйкес төтенше жағдайларды болдырмау үшін баллондағы сұйытылған көгілдір отынды тек аккредиттелген ұйымдардан құйдырып алу қарастырылған. Ал мұндай мекемелер толтырылған баллондардың техникалық жарамдылығын тексеруге, оларға тауар белгісімен таңба қоюға және сапа кепілдік картасын беруге, баллон қондырғыларына апаттық және жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге міндетті" дейді.

Халық қалаулысы бірнеге ұсынысты айтып отыр. Онда:

  1. Түркістан облысының газдалмаған елді мекендердің 450 мың халқының тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін және заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, өрт пен жарылыстың алдын алу мақсатында газ баллондарды аккредиттелген мекемелерде сұйық газбен толтыру;
  2. оларды тұтынушыларға жеткізу мақсатында:

- арнайы жабдықталған автокөліктер қызметін жандандыру бойынша тиісті іс-шаралар қабылдау;

- өңірлердегі газ тапшылығын шұғыл шешу;

- Автогаз бекеттеріне тексеру тағайындау;

- тек газбен жүретін көліктерді газбен қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар беруіңізді сұраймын делінген.

 

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар