Шабандоз Хамза 9 көлік, 1 пәтер, 70-80 миллион теңге иеленіп үлгерген
- авторОймақ
- 20 қыркүйек, 2024
- 202
Атсейіс пен сайыпкерлер арасында 9 жастағы Хамзаның есімі танымал. Бала кезден аламаннан топ жарып жүрген шабандоз биыл Көшпенділер ойындарында Жұмыртұяқпен жүлделі екінші орынға ие болды. Ат құлағында ойнайтын Хамза анасымен бірге Massaget.kz тілшісіне сұқбат берді. Онда шабандоз 9 жасында 9 көлік, 1 пәтер, 70-80 миллион теңге иеленіп үлгергенін айтты.
Шабандоз 4-сыныпта оқиды. Анасының айтуынша, жарысқа байланысты сабақтан жиі қалады. Мектепте көтермелеу жоқ, өзіне тиесілі бағаны алады.
«Мектепте мұғалімдер «мақтанамыз, мақтан тұтамыз» деп айтады. Мектепте мені бәрі таниды. Бірақ сабақты 3-ке оқимын», - дейді Хамза.
Ол болашақта жоғары деңгейдегі, әлемдік аренада өнер көрсететін шабандоз болғысы келеді. Хамза екі қыздан кейін дүниеге келген. Ата-анасы ат ұстарын еркелетіп өсірген.
«Хамза – екі қыздан кейін дүниеге келген ұл. Сондықтан ол өте ерке болып өсті. 4 жасында әкесі өз тәрбиесіне алып, ат қораға апарып, атқа мінгізді. 5 жастан бастап бәйгеге шығып жүрді, 6 жасында алғашқы көлігін жеңіп алды. Жылқыға деген ынтасы жақсы, әкесі жанында, бапкері, өзі бәрін үйретеді», - дейді анасы.
Ал Хамзаның айтуынша, шабандоз болу - өз ниеті. Ол бұл қалауын әкесіне айтқан, әкесі өз кезегінде бала сөзін жерге қалдырмаған.
«Туғаннан атқа жақын болды. 9-10 айында атқа отырып, 1 жасында көкесі ағаш ат сыйлаған, сол кезде атқа отырмай, тұрып шабатын. Содан атқұмар екені белгілі болды», - дейді Динара.
Баланың анасы ұлының ауқымды бәйгесі мен еншілеген сыйлары туралы сөз қозғады.
«Қазір 9 жасында 9 көлік, 1 пәтер, 70-80 миллион теңгедей иеленіп отыр. Биылғы ауқымды бәйгесі «Жолан жүйрігі» мен «Көшпенділер ойындары» болды. Кемел Тоқаевтың асында да бірінші болып келді. Тарихта қалатын бәйгелер ғой. Жүлдені ат иесімен бөлісеміз. Мұнда жылқы иесінің пайызы, бапкерінің пайызы, жылқыны баптайтын баланың пайызы мен шабандоз баланың пайызы бар. Сонда жүлде 4-ке бөлінеді. Жеңіп алған пәтер Астанадан берілді. Жеңіп алған көліктерді сатып жібердік. Жылқыны баптауда қандай да бір ерекшелік жоқ. Бәрі не береді, сол беріледі. Бұл - маңдай термен келген жеңіс. Атың бабыңда тұрса, міндетті түрде шабады ғой", - дейді Динара ханым.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.