жұма, 20 қыркүйек, 2024 16:49

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстанда инклюзия саласында сарапшылар дайындайтын орталық ашылды

Қазақстанда инклюзия саласында сарапшылар дайындайтын орталық ашылды
фото: ашық дереккөз
Бүгін елордада мүгедектігі бар адамдарға арналған алғашқы оқу-әдістемелік ресурс орталығы ашылды.

«Еуразиялық инклюзия орталығы» мекемесі қаладағы  әлеуметтік, көлік инфрақұрылымы және басқа да  қызметтерді, туристік бағдарларды ерекше адамдарға қолжетімді етуді мақсат етіп отыр.
Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыландырды. Астанада бастау алған бұл  игілікті іс республика аумағына  таралып, бірыңғай үйлестіру орталығы саладағы түйткілді мәселелерді шешуге септігін тигізеді деп күтіліп отыр.  Жобаға тұрғындарға қызмет көрсететін ұйымдар мен әкімдіктердің жұмысының  тиімділігін бағалайтын тетіктер енгізілмек. Қазір  оқу бағдарламалары құзырлы органдармен келісіліп жатыр.  Болашақта нысандардың қолжетімділігін бағалауға өкілетті сарапшылар мен тексерістен өткен нысан-қызметтер тізілімі (реестр) түзілмек.
«Бұл пилоттық жобаның  маңызы ерекше  деп ойлаймын. Себебі қоларбада отыратын азаматтарға жағдай жасалса, көзі көрмейтін, құлағы нашар еститін жандардың құқығы ескерілмеуі мүмкін. Сонымен қатар, инклюзия тек пандус орнату ғана емес, қоғамның ерекше жандарға деген  қарым-қатынасының өзгеруі деп түсінген жөн. Ал ресурс орталығында мүгедектігі бар адамдар қатарынан арнайы сарапшылар  даярланып, оларды толыққанды табыспен қамтуға да мүмкіндік туады. Бұның бәрі Қор басшылығының инклюзияны, тең қоғамды дамытудағы кешенді көзқарасының нәтижесі болады деп үміттенеміз», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.


Қайырымдылық операторы жобаны жүзеге асыру жауапкершілігін мойнына алған «Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ секілді  үкіметтік емес ұйымдармен тізе қосып жұмыс істеп отыр. Нәтижесінде 2025 жылдың сәуір айына дейін қажет кезде дереу кәсіби көмек көрсететін 100 сарапшы-нұсқаушы даярланып, сәйкесінше,   ерекше жандарға қызмет көрсететін алғашқы  100 нысан пайдалануға берілмек. 
Жаңа дүниеге бірден үйреніп кету оңай емес. Сондықтан  мамыр айында өткен семинарларда халықаралық стандарттар таныстырылды. Мүгедектігі  адамдармен тілдесу әдебі, қалада, мекемелерде оларға қызмет көрсетуді жеңілдету,   ұжымдық психологияны қалыптастыру мәселелері жөнінде    министрліктер, Астана қаласы мен аудандарының әкімдіктері қызметкерлері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері оқытылды.


Еске сала кетсек, Қор биылғы жаңа оқу жылында Астананың 5 мектебінде өзіндік үлгідегі инклюзияны қолдау кабинеттерін ашып, ерекше білім беруді қажет ететін 150-ден астам бала басқа қатарластарымен бірге оқи алатын болды.
Жалпы «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды кешенді түрде қолдап келеді. Оған дәлел, Қазақстан өңірлерінде 42 оңалту орталығы, 10 спорт кешені іске қосылды. 23 қала мен елдімекенде 1000-нан астам бала қатысатын бейімделген спорт секциялары жұмыс істеуде. Мүгедектігі бар жастар цифрлық кәсіптерге оқытылуда. Осылайша адамдарға туғанынан бастап жәрдем беріліп, олардың қоғаммен араласуына жан-жақты жағдай жасалып жатыр.
 

Гүлшат Сапарқызы

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар