«Цифрландыруға ақша жұмсалды, ал нақты нәтиже мен мультипликативті әсер жоқ» – Сүйіндік Алдашев
- авторОймақ
- 13 қыркүйек, 2024
- 134
Депутаттың айтуынша, бұған дейін елімізде «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан» және басқалары сияқты түрлі бағдарламалар қабылданған болатын. Олар цифрлық технологияны енгізу және болашақтың цифрлық экономикасын құру арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Алайда, жақсы мақсатты индикаторлар мен айтарлықтай қаржылық инвестицияларға қарамастан, бұл бағдарламалар күткендей нәтиже бермеді және экономикаға айтарлықтай әсер етпеді.
«Елімізде цифрлық технологияларды енгізу есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ болашақтың цифрлық экономикасын жасауға бағытталған «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы сияқты бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданды. Қазіргі уақытта бұл стратегиялық құжаттардың күші жойылды. Бұл бағдарламаларда жақсы нысаналы индикаторлар айқындалды, алайда, осыған қарамастан, оларды іске асыру елеулі нәтиже мен ел экономикасының дамуына мультипликативтік әсер бермеді. Оларды іске асыруға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Жоғарыда аталған бағдарламаларды іске асыру қорытындыларына егжей-тегжейлі талдау және бағалау жүргізілді ме? Оларды жүзеге асырудың нақты нәтижелері қандай? Бағдарламалық құжаттарды іске асырудың әсерін қалай бағалайсыз?»,- деп сұрады Сүйіндік Алдашев.
Сенатор сонымен қатар цифрландырудың жүйесіз жасалғанын және үйлестірудің нашарлығынан мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің интеграциясы әлсіздігін атап өтті. Көптеген мемлекеттік органдардың өз дерекқорлары бар және әралуан ақпараттық жүйелердің интеграциясы талап деңгейінен өте төмен. Депутат ауылдағы интернетке қол жеткізу мәселесін де атап өтті. Ауылдардың шамамен 41%-ы ғана талшықты-оптикалық желіге қосылған, бұл барлық жерде цифрландыру мүмкіндігін шектейді.
«Қазіргі уақытта 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы іске асуда, оның мақсаты халық пен кәсіпкерлік субъектілерін интернет желісіне жоғары жылдамдықпен қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады. Осы жобаны іске асыру кезінде алдыңғы бағдарламаларды іске асыру кезінде орын алған барлық олқылықтарды ескеру қажет. Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық билік органдарының, бизнестің, ғылыми және білім беру қоғамдастықтарының, сондай-ақ азаматтардың тиімді бірлескен күш-жігері қажет», - деді Сүйіндік Алдашев.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.