жұма, 22 қараша, 2024 19:28

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР, сатирик: Періштелер жоқ жерде қылмыстың түр-түрі болады

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР, сатирик: Періштелер жоқ жерде қылмыстың түр-түрі болады
фото: Айқын газеті
Қазір қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Қоғамға жегі құрттай жабысқан дертке тұсау қойып, алдын алу немесе оған жол бермеу жемқорлықтың жойылуына себеп болары анық. Дегенмен аталған дерттің жойылмай келе жатқаны әр қоғам мүшесін алаңдататыны рас.

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР, сатирик:

 

Періштелер жоқ жерде қылмыстың түр-түрі болады

 

 

Қазір қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Қоғамға жегі құрттай жабысқан дертке тұсау қойып, алдын алу немесе оған жол бермеу жемқорлықтың жойылуына себеп болары анық. Дегенмен аталған дерттің жойылмай келе жатқаны әр қоғам мүшесін алаңдататыны рас. Айналамызда болып жатқан түрлі күрделі мәселе, ұлт болашағына кесірін тигізетін дерт туралы қалам тербеп, оқырман назарына сатирамен жол тартқан жазушы Қанағат Әбілқайырмен осы тақырып төңірегінде әңгімелестік. Айта кетейік, сатирик-жазушының 17 ақпанда «Періштелер жоқ жерде» атауымен жарық көрген кітабының тұсаукесері өтті. Автор жаңа туындысында да қоғамдағы келеңсіз оқиғаларды сатира арнасына түсіріп, өзекті тақырыптарды жан-жақты сынайды.

 

– Темірбек Қожакеев «Сатира  – күштілер қаруы» дейтін еді. Рас, кезінде сатира күштілер қаруы болды. Бүгін ше? Күші бар ма?

– Бағыма орай Темірбек ағаны көру, шәкірті болу бұйырды. Талай студенттің ол кісінің қаталдығына, тепкініне шыдамай оқудан шығып қалғаны жиі айтылады ғой. Бірақ маған өте жақсы қарады. Мүмкін, шығармаларым сол уақытта газет-журналға жиі жарияланып жүргені себеп болды ма, әлде аздап сатиралық дүниелер шимайлап жүргенім көмек болды ма? Әйтеуір, ол кісіден қысым көргенім жоқ. Бір шығармамда телевизорды телебезер деп сипаттағам. Қазақтың кәдімгі «безеріп» деген сөзі ғой. Соған қатты риза болған.

Ал сұрағыңызға келсек, қазір сатираның қадірі қашып тұр. Кешегі күштілердің қаруы бұл күнде өзін-өзі қорғауға дәрменсіз. Біріншіден, арыда Б.Майлин, беріде О.Әубәкіровтер шырағын жаққан сатира жанрында қазір жазып жүргендер саусақпен санарлықтай ғана. Екіншіден, қоғам ғана емес, Жазушылар одағының өзі сатираны керек етіп отырған жоқ. Поэзияда, прозада, драматургияда мүшайралар, әдеби байқаулар жиі өтіп жатады. Кейінгі бес жылда бұл додаға детектив жанры қосылды. Осы жағы сатира жазып жүргендерді ғана емес, өзгені де ойландыруға тиіс.

– Сатиралық шығармаларды бұрын әзіл-сықақ театрлары жиі пайдаланатын еді. Қазір өздері – автор, өздері – орындаушы. Бүгінгі театр сатириктерге зәру емес пе?

Рас, бұрын «Тамаша» деген жалғыз ғана әзіл-оспақ театры болды. Соған сол кездегі белгілі сатириктер дүниелерін ұсынатын. Ол кезде және бәрін сүзгіден өткізіп отыратын көркемдік кеңес бар еді. Қазір бәрі өзгерді. Күлкі театрлары, КТК (Көңілді тапқырлар клубы) ойнайтындар көбейді. Әттең, баяғы көркемдік кеңес жоқ. Әркім ойына келгенін жазып, айтып, сахналап жатыр. Бәрін жоққа шығармаймын, дегенмен күлкіден қадір кетті. Отбасы-ошақ қасындағы әзілдер, белден төмен бейәдеп қылықтар сахнада көрсетіліп жатыр. Сатира – күштілер қаруы ғана емес, сатира сахнада өнер, мәдениет, тәрбие құралы болуы керек. Сатиралық көрініс көрермен деңгейіне түспеуге тиіс. Керісінше, көрерменнің ой-өрісін дамытып, ойландыруы қажет. Бізде қазір осы жағы ақсап тұр.

– «Қазақ сатирасы қартайды» деген пікірге қалай қарайсыз?

Қазақ сатирасы қартайды десем, мен де қартайған болып шығам-ау. Бұл пікірмен келіспеймін. Мәселен, өзім ұстаз тұтатын, ерекше құрметтейтін Тұрсынжан Шапай ағамызды алайық. Кез келген шығармасы қай уақытта оқысаң да өзекті. Жеткізе алмай жүрген ойыңды сол кісіден тауып ала қоясың. Алдағы 20-30 жылда да ол кісі қозғаған тақырыптар құнын жоймайтынына сенімдімін. Сондықтан қартайды дегеннен көрі дағдарыста деген жөн сияқты. Өйткені Тұрсынжан аға сияқты санаулы қаламгер болмаса, сатира жазып жүрген адам азайып кетті.

– Қазір осы жанрға қалам тербеп жүрген жастар бар ма? Әлде, сатираның ауылына ешкім ат ізін салмай кетті ме?

Жастардан Олжас Қасым жазып жүр. Бірақ өлеңге қатты беріліп кетті ме, сатирасын сирек байқаймын. Өзім қатарлыдан Қанат Ескендір мен Бейбіт Сарыбай бар еді. Олар да жазғанын жасырын жинап жүрмесе, ашық жариялауды қойды. Ал мен байқамаған жастар өсіп келе жатса, оған тек қуаныштымын. Астанаға аттанар күні осы жанрға адалдық танытып келе жатқан замандасым Үміт Зұлхарова хабарласты: «Жазушылар одағында сатириктердің басқосуы болады. Біраз мәселені талқылаймыз» деді. Қуандым, бірақ жолға дайындалып қойып едім, қатыса алмадым. Жақсы дүниелер айтылған шығар, мәселелер оңынан шешілген болар деген үміттемін.

– «Періштелер жоқ жерде» кітабының тақырыбы жеңіл емес. Қоғамдағы келеңсіздікті қаншалықты сатира тілінде жеткізе алдыңыз?

Білесіз, періштелер жоқ жерде қылмыстың түр-түрі болады. Адам өлтіру, бала зорлау, жемқорлық, кісі ақысын жеу. Қысқасы, өзге тіршілік иесі жасай алмайтын, адам ғана жасайтын айуандықтың бәрі періштелер жоқ жерде жасалады. Мен бұл кітабымда 30 жылдағы барлық жауыздықты, сатқындықты, аярлықты, жауапсыздықты, жемқорлықты жеткізгім келді. Төлен Әбдік, Тұрсынжан Шапай, Амангелді Кеңшілік сияқты мықты ағаларымның пікірлеріне қарағанда сол үдеден шықтым-ау деп ойлаймын.

– Сатириктерді іздейтін оқырман бар ма?

Іздейтін кітаптарын іздеп жүріп, сатып алатын оқырман өте көп. Міне, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада күні кеше «Фолиант» баспасынан шыққан кітабымның таныстырылымы өтті. Сол шараға аязға қарамастан көп адам жиналды. Бәрі кітап алды. Қатты қуандым. Әттең, оқырман іздегенімен билікке, одаққа сатира жанры керек болмай тұр. Мәселен, бұрын Ғабит Мүсіреповтер басқарған «Ара» деген сатиралық журнал бар еді. Әр басылымда сатираға арналған бір бет бар еді. Ол журнал жабылғалы көп болды. Сатиралық беттер де жабылып бітті. «Араға» шыққан бір фельетоннан бір әкім немесе бір министр қызметінен кетіп, кетпеген күннің өзінде қатаң тексеру жүріп жататын. Қазір сатирада ондай күш жоқ. Мүмкін билік сатираның сол кездегі күшінен қорқатын шығар. Сондықтан жылы жауып қойған болар.

– Саяси сатираны көтеріп жүрген әзілкештер көрші Ресейде өте көп. Оларда үлкен мектеп қалыптасқан. Ондай мектеп бізде неге жоқ?

Рас, Ресейде бір өзі бір театр болатын авторлар көп. Олардың тағы бір ерекшелігі – өз жазғандарын өздері орындайды. Мұның бір артықшылығы автор өз дүниесін түсініп жеткізеді. Орыстардың, Украиндердің күлкі театрларын жиі көремін. Көрем де қызығам. Саясатқа, әлеуметтік мәселелерге қорықпай барады. Соны әдемі жеткізеді. Ал бізде кезінде марқұм Көпен Әмірбек пен Толымбек Әлімбекұлы тәжірибе жасап көрген. Сәтті шығып еді, әттең жалғасын таппады. Негізі, бұл өнер ғой. Екінің бірінің қолынан келмейді. Дегенмен жалқаулық, ізденбеу де қол байлайды-ау.

  • Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Aikyn.kz

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар