жұма, 22 қараша, 2024 14:42

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек

Ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек
Киіз үйдің ішінде қазақша камзол киіп, тұрпайы би билеген қыздардың видеосы мен сахнаға шыққан KeshYou тобының образы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің сынына ұшырап жатыр.

«Ою-өрнекті қор қылды» деген түрлі пікірдің құрсауында қалған ұшқары әрекетке қатысты сыни көзқарастың соңы «заңға өзгеріс енуі керек» деген ұсыныстармен аяқталды. Қазақы ұлттық нақышы бар киімдерді ұлтымызға жат стильмен жұртқа паш ету қатаң жазаны талап етеді. Әлеуметтік желіде бірінен соң бірі қатар шыққан жастардың ерсі әрекеті желдей есіп, қоғамдық «сананы» дүр сілкіндіріп қойды.

Әңгіменің төркіні мынада: қазақстандық  КeshYOU тобы америкалық рэпер Snoop Dogg-пен бірге Америкада бір сахнада ән айтты. Алайда KeshYOU тобындағы қыздардың үстіне киген оюлы киімдері әлеуметтік желі қолданушыларының көңілінен шықпады. Екінші мәселе, кәсіби бимен айналысатын хореограф Әлішер Сұлтанбекұлы қасындағы екі қызбен киіз үйде жартылай ашық денемен анайы би билеп, мұның салт-дәстүрді қорлау емес, керісінше таным-түсінігін кеңейту екенін айтып ақталды. Не десек те, жын-ойнақ қылған жастардың әрекеті халықтың да, мемлекеттің де назарынан тыс қалған жоқ.

 

Рухани мұраны қорғауға заң күші керек

 Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев осы мәселені көтеріп, оюланған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі халықтың ашу-ызасын тудырғаны әбден орынды екенін айтты. Сонымен қатар аталған бейнеролик бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне құқықтық баға беріп, бұған қатысты нақты шара қолдануын сұрады.

         «Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды. Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі болса, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық. Үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс. Ата дәстүрімізге қол сұғу – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіру, ұлттық құндылықтарды түбірімен жоюмен тепе-тең», – деп алдағы ЛГБТ насихатына қарсы өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырды.

БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, оның таралуына ерекше мұқият болуға шақырған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 18 маусымда жұрт аузында жүрген бейнероликке қатысты пікір білдірді.

«Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді. Осы орайда,  Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз», – деді министр.

 

Ою-өрнектің өз орны бар

 

Ұлттық құндылықтарымызды қорлағандарға тек заң ғана тосқауыл бола алатынын айтқан этнограф ғалым Тәттігүл Қартаева рухани мұрамызды қорғайтын жаңа баптардың енгізілуін алға тартты. Шығармашылық көзқараспен қарап, жеке жұмысы үшін рухани мұраны мазақ еткендерге халық емес, қатаң бап қана тұсау бола алатыны анық жайт.

– ЮНЕСКО-ның 2003 жылы 17 қазанда Париж қаласында қабылданған «Материалдық емес мәдениет мұраны қорғау туралы» конвенциясының 12-бабының 1-тармағына сәйкес 2013 жылдың 21 наурызда Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдениет мұраларының ұлттық тізімі бекітілген. Киіз үй  «дәстүрлі кәсіпке қатысты білімдер мен дағдылар» санаты бойынша ұлттық тізімге алынып, одан әрі ЮНЕСКО-ның 2014  жыл 27 қарашада Франция, Парижде өткен сессиясында «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне» енгізілді. Киіз үй –  ЮНЕСКО-ға енген халықаралық деңгейдегі  ескерткіш ретінде, оны қорғау, сақтау – міндетіміз. Камзол кию мәдениеті де, қазақтың би өнері де  материалдық емес мәдениет мұраларының ұлттық тізіміне енген мұра ретінде қорғалатын «ескерткіш». Қазіргі заманғы инновация, жаңалықтың бәрін жақсылық деп қабылдау дәстүрлі құндылықтарымыздың барлық қырына кері әсерін тигізіп жатқаны анық. Тарихқа жақындаймыз деп ұлттық құндылықтарды өздерінің жеке жаңа шығармашылығына пайдалануға тосқауыл қою үшін Үкіметке «Материалдық емес мәдениет мұраларды қорғау, пайдалану» туралы заң қабылдауы қажет немесе ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288-VI заңына өзгерістер енгізіп, рухани мұра ескерткіштерінің қорғалуын күшейтетін жаңа баптар енгізу қажет. Қазіргі замандағы шығармашылық, бизнес ортасында «жаңалық ашамыз» деп ұлттық құндылықтарды өзгертуге деген ағымы көзге ілеспей бара жатқан  құлшынысты заң жүзінде ауыздықтап, жазаға тартуды күшейткенде ғана аяқтарын тартады, әйтпесе «патриоттық» аз айтылып жүрген жоқ, – деді ғалым Тәттігүл Қартаева.

Асылы, ою-өрнектің өзін оқи отырып, нақышында парасаттылық, сұлулық, ақылдылық жатқанын аңғаруға болады. Ал соны таптаған тұрпайы видеоға қарап, ұлттық болмысымызды айшықтап тұратын рухани мұрамыздан өзіміз алшақ кетіп бара жатқанымызды көреміз. Көпшіліктің сынына ұшыраған KeshYou тобының продюсері Баян Мақсатқызы:

«Маған адам қазақы ою-өрнек үшін ұрысып жатыр. Жарайды, онда көрпеге отырып, оюды аяқпен басуды қойыңыздар! Ою бейнеленген кілемді төсемеңіздер! Біз мұны әлемді мәдениетімізбен таныстыру үшін жасадық және бұл іс қолымыздан келді. Сіздер орынсыз сынап, хейт жазып, бізді алға жетелейсіздер», – деп ашуланған болатын. Дегенмен киімге тігілетін ою мен көрпеге басылатын ою-өрнектің аражігіне ешкім жете бермейтін сияқты. Этнограф Тұрар Сәттарқызы әрбір ою-өрнектің өзінің орны бар екенін, көрпеге, текеметке, киімге, баскиімнің және аяқкиімнің өзіне тігілетін ою бар екенін түсіндіріп, оның қатаң сақталуы халық арасында ұмыт болып жатқанына қынжылатынын айтты.

– Қазақ халқы – оюмен ой айтқан, кестемен көкейіндегіні білдірген халық.  Бірақ бүгінде ұлттық құндылығымыздың бір бөлшегі саналатын оюды дұрыс қолданбай, көрінген жерге тықпалап, шатастырып жүргені көңілге көлеңке түсіреді. Қазақта қошқар мүйіз ою ғана бардай оны киізге де, киімге де салатын болдық. Кеңес кезінің өзінде әп-әжептәуір қазақ едік. Ұрпақ тәрбиесін уыстан шығарып алдық. Ұлттық тамырымыздан ажырап, өзіміздікінен безген, түрі қазақ, ділі мен болмысы жат, адасқан ұрпақ. Тек қарын мен нәпсінің қамын ойлай берсек, небір сорақылық бола береді. Салдарымен күресіп жүре береміз. Қазіргі ұлттық құндылықты дәріптеушілер «сезонный рабочийлар». Мұндай жастарға ренжудің де керегі жоқ. Не көріп өсті? Кім өнеге болды? Кім тәрбие берді? Қандай идеологиямен азықтанды? – дейді Т. Сәттарқызы.

Дүйім жұрттың назарын жалт етіп бірден өзіне аударатын сорақы әрекеттердің алдын алмасақ, ертеңгі күні мәдениетіміздің бір бөлшегі болып еліміздің әлем алдындағы көрінісі ретінде қалыптасып қалмауына кім кепіл?! Сондықтан ұлт болашағына алаңдар әр азамат мұндай жағдайға бейжай қарай қоймасы анық. Мұның өзі – мәдени майдан үшін күрес.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

AIKYN.kz

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар