сенбі, 7 желтоқсан, 2024 7:29

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«Ойжұмбақ 2»: балаларға ерекше әсер сыйлады

«Ойжұмбақ 2»: балаларға ерекше әсер сыйлады
фото: ашық дереккөз
Өткен сенбіде AIQYN газеті ұжымы елордалық бүлдіршіндерге Disney мен Pixar студиялары бірлесіп әзірлеген «Ойжұмбақ 2» мультфильміне билет тарту етті. Адам болмысының қалыптасуын көрсететін анимациялық фильмді 56 бала демеушілер тарапынан тегін тамашалады. Мұндағы мақсат – қазақша дыбысталған фильмдерге сұраныстың бар екенін дәлелдеу және балаларға жоғары көңіл күй сыйлау.

Сенбі күні кешкі 17:00-де мультфильм сеансы қойылатын зал алдында жиылған балалар рет-ретімен орындарға жайғасты. Әр баланың жүзінен экранның қосылып, анимацияның басталуын асығыстықпен күтіп отырғаны байқалды. Соларға қарап, «қазақ тіліне тәржімаланған фильмдермен балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алмай жүрген жоқпыз ба?» деген сұрақ пайда болды.

13 шілдеден бастап барлық кинотеатрларда көрсетіле бастаған «Ойжұмбақ 2» мультфильмінің қазақша дыбыстамасы алғашқы күнінен бастап рекорд орнатып, кассалық табысы 10 миллион теңгеден асты. Бұл –жақсы көрсеткіш, бірақ онлайн билет сатып алу кассасына қарап байқағанымыз, «Головоломка 2» күніне бес рет, ал қазақша дыбысталған «Ойжұмбақ 2» екі рет көрсетіледі.

Қызық қалжың мен күлкілі сәттерге толы фильмді көрген балалар тамаша көңіл күймен шықты. Кинодан ерекше әсер алған олар адам бойындағы түрлі эмоциялармен танысып, олардың адам өмірінде қандай рөл атқаратынын ұқты. Анимация желісі бойынша, есейген адамның Бас бөлімінде жаңа эмоцияларға орын босату үшін күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Кейіпкер Райлидің эмоциялық жағдайын бұрыннан басқарып келе жатқан Қуаныш, Мұң, Қорқыныш пен Жиіркеніш күтпеген жерден жаңа сезім – Үрей пайда болған кезде не істерін білмей абдырап қалады. Оның үстіне, бұл эмоция жалғыз келмей, өзімен бірге Ұят, Қызғаныш және Немқұрайлылықты да алып келді. Бұл фильмнің бірінші «Ойжұмбақтан» ерекшелігі де міне, осы. Мультфильм жасаушылар әр эмоцияға өзіндік түс беруге тырысқан. Мысалы, жиіркеніш кейіпкері жасыл болса, ашу кейіпкерін қызыл түспен бейнелеген. Қызғаныш сезімін де қосып, жасөспірімдер үшін де бұл эмоцияның қаншалықты маңызды екенін ашуға тырысқан.

Райлидің болмысына жаңадан қосылған эмоциялар бұған пайда болған эмоцияларды естеліктер бөлігіне «қуып жіберсе» де, Райли барлығын еске түсіріп, қолынан түк келмейтін Райлиден қайта жақсы адамға оралады. Дегенмен жаңа эмоциялар жауыз ретінде көрсетілмейді. Мультфильмде өмірдің ащы шындығы, адам жанының қиын-қатпар болмысы, әсіресе жасөспірім кездің маңызы мен қиындығы суреттеледі.

Еске салайық, мультфильмді Disney студиясы өз есебінен қазақша аударып, дубляждап, жаңа кейіпкерлерді Ninety One тобының мүшелері қазақша «сөйлетті». Жалпы, эмоцияға толы шытырман оқиға балаларға ғана емес, ересектерге де арналғанын айта кеткен жөн.

Сымбат Бауыржанқызы

Aikyn.kz

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар