Оқушы қызды құтқарған тараздық Нұркен Омаровқа көпшіліктің алғысы шексіз
- авторОймақ
- Бүгін, 18:25
- 39
Бүкіл Қазақстан тәнті болған батырдың есімі белгілі болды. Ол – Тараз қаласының тұрғыны Нұркен Омаров. Бұл туралы "За рулем Казахстан" журналының редакторы Алексей Алексеев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оқиға бірнеше күн бұрын Тараз қаласында (Жамбыл облысы) болған еді. 13 жастағы мектеп оқушысы аялдамада автобус күтіп тұрған кезде қасына жеңіл көлік тоқтаған. Көліктен түскен екі ер адам қызды күшпен салонға отырғызуға әрекет жасаған. Кейін олардың есірткіге тәуелді екені анықталды.
Сол сәтте аялдамада тұрған Нұркен Омаров оқиғаға бей-жай қарамай, қызды алып кетпек болғандарды көріп, дереу араша түседі.
Кейіпкердің айтуынша, қатты қорқып кеткен оқушы қыз қорғаныш іздеп, оның артына тығылған. Нұркен күдіктілерге полиция шақыратынын айтып ескерткен соң, олар оқиға орнынан қашып кеткен.
Қыздың әкесі аялдама үстіндегі жеке бейнебақылау камерасындағы жазбаны тауып, құқық қорғау органдарына тапсырған. Күдіктілер «ізін суытпай» ұсталды. Енді оларға 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Нұркен Омаров сол күні мектеп оқушысының өмірін сақтап қалған нағыз қорғаушы періште болды. Қыздың әкесі онымен кездесіп, батылдығы мен жанашырлығы үшін алғысын білдірді.
Жергілікті Ішкі істер департаменті құтқарушыға министрдің атынан алғыс хат пен арнайы сағат табыстады. Облыс әкімі 500 000 теңгенің сертификатын беріп, жұмысқа орналасуына көмектесуге уәде етті.
«Қыздың қатты қорқып тұрғанын байқадым да, ойланбастан көмекке ұмтылдым. Бұл әрекетімді марапат үшін емес, азаматтық әрі әкелік борышым деп санаймын», – деді Нұркен Омаров.
Осындай қарапайым жандар кейде біреудің тағдырында шешуші рөл атқарады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





