Мәжілістің жалпы отырысында жасаған баяндамасында Мәжіліс депутаты Руслан Берденов "Қазақстан темір жолындағы" жемқорлық мәселесін көтеріп, ұсынысын айтты.
5 жылда ҚТЖ лауазымды тұлғалары мен оның ведомствалық ұйымдарына қатысты 136-дан астам қылмыстық іс тіркелген, 52 адам сотталған. Кейбір сарапшылардың болжамына сәйкес ҚТЖ жүйесіндегі жемқорлықтың жылдық айналымы 200 млн долларға жуық. ҚТЖ-дағы сапасыз қызмет, жайлаған жемқорлық, тиімсіз жобаларды жою қажет. Отан үшін күрес — ерге тиген үлес дейді ағайын! ҚТЖ трансформациясы елдің және қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылуына күш-жігерімізді салайық, – деді депутат.
Осыған байланысты Руслан Берденов бірқатар ұсыныс айтты.
Алдымен, реформалау, Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес түбегейлі реформа жүргізу керек. Басқару органдарының тиімді қызметін, қаржы-шаруашылық, сатып алу процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Компанияны бейінді емес активтерден тазартып, нарықтағы монополиялық жағдайын теріс пайдалануына жол бермеу керек. Сонымен қатар ҚТЖ жүйесінің маңызды мәселелері бойынша азаматтар мен бизнестің пікірін тыңдап тез шешімдер қабылдау мақсатында Қоғамдық кеңес құруды ұсынамын, – деді депутат.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.