бейсенбі, 22 қазан, 2026 15:01

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қарағандыда екі әйел сотталды

Қарағандыда екі әйел сотталды
фото: Jantanee Phoolmas/Getty Images
Қарағандыда 461 адам зардап шеккен және келтірілген залал сомасы 700 млн теңгеден асқан алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты.

Қарағанды облыстық соттарының Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары екі әйелді алаяқтық, яғни ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы, бірнеше рет, екі және одан да көп адамға қатысты, ірі және аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырды деп айыптаған (ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы).

Сотта анықталғандай, сотталушылардың бірі WhatsApp қосымшасы арқылы Қытай мен Түркиядан тауарларды төмен бағамен сату жөнінде топтар ұйымдастырған. Ол топтарда ыдыс-аяқ пен түрлі тұрмыстық заттарды ұсынған. Сатып алушыларды тарту мақсатында тауарлардың жеткізілгені туралы пікірлер жарияланған.

Кейіннен сотталушылар нарықтағы бағадан едәуір төмен бағамен жиһаз, тұрмыстық техника және автокөліктерді жарнамалаған, бұл ретте бөгде адамдардың пікірлері көрсетілген бейнероликтер пайдаланылған.

"Сатып алушылардан тапсырыстар мен ақшалай қаражатты қабылдай отырып, сотталушылар тауарларды жеткізуге уәде бергенімен, өздеріне алған міндеттемелерін орындауды көздемеген.

Сотталушылардың әрекеттерінен 461 адам зардап шеккен, келтірілген жалпы залал сомасы 700 000 000 теңгеден асқан", - делінген хабарламада.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, WhatsApp топтарындағы хат алмасу материалдары мен жарияланымдармен, банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы мәліметтермен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен дәлелденген.

Прокурор сотталушыларға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және бірінің жеті баласы, ал екіншісінің кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескере отырып, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды сұраған.

Ал жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды және қылмыспен келтірілген залалды өндіріп алуды өтінген.

Сотталушылар өз кінәларын мойындамаған, қорғау тарапы оларды ақтауды сұраған.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын, сондай-ақ қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын ескерген.

Үкімге сәйкес, әйелдердің әрқайсысына 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны өтеу мерзімі бір жылға кейінге қалдырылған.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, кінәлілерден 700 млн теңгеден астам сома өндіріп алу белгіленген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар