Жаңа уақыт белдеуі денсаулыққа кері әсерін тигізіп жатқан жоқ – Әлназарова
- авторОймақ
- 11 маусым, 2024
- 481
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында жаңа уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына қалай әсер етіп жатқанын айтты, деп жазады Oimaqnews.kz Inform kz. сілтеме жасап.
«Биыл ақпанда жаңа уақыт белдеуі халықтың денсаулығына оң әсер ететіні айтқан едіңіз. Бірақ бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петицияға қол қойып жатқан азаматтар бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындар жаңа уақыт белдеуінің салдарынан психологиялық, физикалық жүктеме түскенін айтып, шағымданып жатыр. Қазір петицияға қол қойғандардың саны 50 мыңнан асты. Қазір қандай пікірдесіз? Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару керек деп ойламайсыз ба?», - деп сұрады БАҚ өкілі.
Министр желіде шағым көп болғанымен, уақыт белдеуіне байланысты денсаулығы нашарлар медициналық көмекке жүгінгендердің саны артпағанын айтады.
«Негізі сағат белдеуі мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланды. Бұл жұмысқа еліміздегі ғылыми орталықтар тартылды. Сондықтан бұл шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданды. Екіншіден, сағат белдеуі өзгергеннен кейін емханалар мен ауруханаларға науқастардың айтарлықтай түсіп жатқанын байқап отырған жоқпыз. Бүгінде денсаулыққа кері әсерін тигізген жоқ деп айтуға негіз бар», - деді Ақмарал Әлназарова.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.