сәрсенбі, 25 қараша, 2026 13:17

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Арманнан мақсатқа: Астанада Қазақстан әйелдерінің UMAI ANA X мерейтойлық форумы өтті

Арманнан мақсатқа: Астанада Қазақстан әйелдерінің UMAI ANA X мерейтойлық форумы өтті
Фото: oimaqnews.kz
Астанада Қазақстан әйелдерінің UMAI ANA оныншы мерейтойлық форумы өтті. Басқосуға кәсіпкер әйелдер, қоғам қайраткерлері, бизнес, медиа және шығармашылық индустрия өкілдері жиналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен кәсіпке енді қадам басқан қыз-келіншектер бастап, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпорын басшыларына дейін қатысты.

«Төрт жыл ішінде әйелдерге арнап 500-ден астам тегін іс-шара өткіздік. Негізінен маркетинг, сауда-саттық, қызметкерлерді басқару, уақытты тиімді пайдалану және икемді дағдыларды дамыту бағыттарына ден қойдық. Үйрететін біліміміздің сапасына ерекше мән береміз. Сөз сөйлейтін мамандарымыздың бәрін мұқият іріктейміз. Олардың кәсіби жетістіктері дәлелденген және әрқайсысының өз саласында кемінде бес жылдық тәжірибесі бар», - деді форумның негізін қалаушы Жәмилә Ерназарова.

Биылғы форум бағдарламасы өзара сабақтас он бағытты қамтыды: өмірдің мәні, мансап, ойлау жүйесі, ықпал ету, командамен жұмыс, ішкі күй, қарым-қатынас, өзін таныта білу, жасампаздық және тұтастық.

Әр баяндамадан кейін қатысушылар арнайы тапсырма орындап, өздері үшін не маңызды екенін айқындады, мақсаттарын нақтылап, сол мақсаттарға жетудің алғашқы қадамдарын белгіледі. Форумның түпкі мақсаты – әйелдің өмірдің барлық саласында үйлесімді дамуына жол ашу.

Форумда өз саласының мықты мамандары сөз сөйлеп, кәсіби және өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Олардың қатарында: Динара Наумова – қазақстандық қоғам қайраткері, депутат, Камила Лукпанова – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы туризм жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы, Шыңғыс Әлекенов – Cvety.kz негізін қалаушы, IT жобаларды әзірлеуші, Әлия Ашим – медиа саласының журналисі, деректі фильмдердің авторы, Самал Ибраева – журналист, медиаменеджер, Ulysmedia.kz бас редакторы, Тоғжан Қожалы – бірнеше кәсіптің негізін қалаған кәсіпкер, Astana Hub серіктесі, MedHub HAQ бас директоры, Дәурен Өтегенов – Dauren_team дизайн және жөндеу студиясының негізін қалаушы, Ксения Володина – шаш үлгісін жасаушы маман, халықаралық дәрежедегі шебер-жаттықтырушы, шаш өру өнерінен жеті дүркін чемпион, Инна Апенко – MIMIORIKI және Global Nomads брендтерінің негізін қалаушы, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының вице-президенті, Тимур Шалекенов – Yandex Qazaqstan компаниясының бас директоры, Нұрхан Жұмабеков – Abai Tigin Fabrikasy компаниясының бас директоры бар.

Спикерлер баяндамасы кәсіп аясын кеңейту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу, экономикалық мүмкіндіктер теңдігі, ана болу мен кәсіби дамуды қатар алып жүру мәселелерін қозғады. Сондай-ақ бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігіне және кәсіпкерліктің қоғамды өзгертудегі орнына ерекше назар аударылды.

«Бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсуі керек. Бұл ретте кәсіпкерлердің өз қаражаты мен мүмкіндігін неге жұмсап жатқанын, одан қандай нәтиже шығатынын түсіну маңызды. Бүгінде кәсіпкерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Бірлескен жұмысты қоғамға нақты пайдасы тиетіндей етіп ұйымдастыра білуіміз керек», - деді қоғам қайраткері, депутат Динара Наумова.

Форум қатысушылары тек  білім ғана емес, бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, іскерлік байланыс орнатты. Сонымен қатар «Анамның қолымен жасалған» атты көрме мен жәрмеңке өтіп, оған еліміздегі 50-ге жуық кәсіпкер және қолөнершілер өз шығармасын таныстырды. Арнайы әзірленген «2027 жылға арналған стратегиям» атты тақтаға қатысушылар жеке өмірі мен кәсібіне қатысты мақсаттарын жазды.

UMAI ANA мерейтойлық форумында білім беру, әлеуметтік мәселелер және кәсіпкерлікті дамыту бағыттары тоғысты. Форумның басты мақсаты – әйел әлеуетінің толық ашуына, кәсіби тұрғыдан өсуіне және өмірінің барлық саласында үйлесім табуына қолайлы орта қалыптастыру.

Биылғы форум «UMAI өмірлік стратегиясы» тақырыбы аясында «Арманнан мақсатқа» ұранымен өтті. Форумды UMAI ANA жеке қоры ұйымдастырды. Қор әйелдер кәсіпкерлігін қолдауды, шағын бизнесті дамытуды, әйелдердің бәсекеге қабілетін арттырып, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Форумға қатысу тегін болды. Соның арқасында Қазақстан қыз-келіншектері майталман мамандардан білім алып, кәсіби ортада жаңа байланыс орната білді.

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар