Екі ай жалақы алмаған: тараздық жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберген
- авторОймақ
- Бүгін, 10:37
- 55
Таразда қант зауытында еңбек еткен жүзге жуық жұмысшы екі ай бойы жалақы алмағанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жұмысшылардың айтуынша, олар еңбекақыларын талап етіп, бір күн жұмысқа шықпаған. Осыдан кейін кәсіпорын басшылығы оларды жұмысқа кіргізбей, жұмыстан шығарылғанын хабарлаған.
«Екі ай жұмыс істедік. Күн сайын жалақы төлейміз деп уәде берді, бірақ әлі бір тиын алған жоқпыз. Түрлі себеп айтып, уақытты созып келеді. Ал бүгін ешкімді ішке кіргізбеді. Жұмыстан шығарылғанымызды айтты», – деді жұмысшы Ғалымжан Укибасов.
Наразы жұмысшылардың арасында дәнекерлеушілер, металл кесушілер мен арматурашылар бар. Олар зауыт цехтарын жаңғырту жұмыстарына тартылған. Алайда жұмысшылар мердігер мекеменің штатында тіркелген. Жалақының кешігуіне құжаттардағы қателіктер себеп болғаны айтылды.
«Бүгін ешкімді жұмысқа кіргізбеді. Күзет бекетінен өте алмадық. Ақшамызды да алған жоқпыз, жұмысқа да кіре алмай отырмыз», – деді Руслан Алмазов.
Мердігер кәсіпкер Нұржігіт Сейтханов құжаттардағы қателіктердің түзетілгенін, алайда мәселенің әлі шешілмегенін жеткізді.
Зауыт басшылығы жұмысшылармен кездесуге шықпаған. Кәсіпорынның ұстанымын жергілікті билік өкілдері түсіндірді.
«Олар соңғы актіні жұма күні тапсырған. Құжат дұрыс рәсімделмегендіктен, түзетуге қайтарылды. Бірақ ақшаны міндетті түрде төлейді. Өйткені кәсіпорын қазір 25 мердігер ұйыммен жұмыс істеп жатыр», – деді Тараз қаласы Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова.
Әзірге жұмысшылардың жалақысы нақты қашан төленетіні және олардың жұмысқа қайта қабылданатыны белгісіз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр
Ұқсас жаңалықтар
Оқу-ағарту министрлігі үш ауысымды мектеп мәселесі қашан шешілетінін айтты
- авторОймақ
- 22 қараша, 2026






