Бас прокуратура азаматтарға интернет алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болғанын ескертеді
- авторОймақ
- Бүгін, 08:47
- 37
Бас прокуратура азаматтардың дербес деректерін ұрлауға бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болғанын ескертті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қаскүнемдер өздерін "Қазпошта" АҚ пошта қызметінің өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға пошта жөнелтілімдерін жеткізу туралы жалған хабарламалар таратып жатыр.
"Атап айтқанда, 2026 жылдың 9 қарашасынан бастап +212 6 12 82 15 27 шетелдік нөмірінен алдағы уақытта сәлемдеме жеткізілетіні туралы хабарламалар түсе бастаған. Мұндай хабарламалар басқа нөмірлерден де келуі мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Алаяқтар жеткізу мекенжайын нақтылау қажеттігін сылтауратып, азаматтарға хабарламаға тіркелген сілтемеге өтіп, жетіспейтін мәліметтерді толтыруды ұсынады. Хабарламаның шынайылығына сендіру үшін сілтемеге өту тәртібі көрсетілген нұсқаулық та қоса жіберіледі.
Алайда сілтеме пошта қызметінің ресми сервисіне ұқсатып жасалған жалған интернет-ресурсқа бағыттайды. Іс жүзінде бұл – алаяқтар азаматтардың тұрғылықты мекенжайы мен басқа да құпия мәліметтерін жинау үшін пайдаланатын фишингтік сайт.
Сонымен қатар сәлемдемені жеткізу туралы ресми хабарламаға ұқсатып жасалған жалған сайт пайдаланушыларды жаңылыстырады.
Бас прокуратура мемлекеттік тілде жіберілетін мұндай хабарламалардың ерекше қауіп төндіретінін атап өтті. Себебі алаяқтар ресми-іскерлік стильді, пошта қызметінің хабарламаларына тән сөз тіркестері мен белгілерді қолданады. Бұл алушыларда хабарламаның шынайылығына қатысты жалған сенім қалыптастырып, зиянды сілтемелерге өту, дербес деректер мен ақшаны алаяқтарға беру қаупін арттырады.
Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Атап айтқанда:
күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
белгісіз интернет-ресурстарға жеке және банктік деректеріңізді енгізбеңіз;
пошта жөнелтілімдерінің жеткізілуі туралы ақпаратты тек пошта қызметтерінің ресми арналары арқылы тексеріңіз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






