Қазақстанда сарбаздар алғашқы алты айын оқу орталықтарында өткізеді
- авторОймақ
- Бүгін, 09:56
- 66
Бұл өзгеріс 21 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған Әскери реформа жоспарында көзделген.
Ақорданың хабарлауынша, әскери бөлімдердегі кезеңде сарбаздардың жауынгерлік даярлығына және бөлімше құрамында міндеттерді орындауына басымдық беріледі.
Реформа аясында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау шаралары да күшейтілмек. Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Сонымен бірге жарғыға сай келмейтін іс-әрекеттердің алдын алу және әскери тәртіпті нығайту шаралары қабылданады.
Мемлекет басшысы қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың маңызын атап өтті.
– Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жоспарда Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру көзделген. Өзгерістер әскери білім беруді, кадр саясатын және технологиялық жарақтандыруды да қамтиды.
Бұдан бөлек, «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлықты жетілдіру жоспарланған.
Ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық шаралар 2027 жылы іске асырылмақ. Президент Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын да жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Әскери реформа жоспарының орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





