жұма, 9 қазан, 2026 8:12

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстанға шетелден әкелінетін көлік пен дәрі-дәрмек азайды

Қазақстанға шетелден әкелінетін көлік пен дәрі-дәрмек азайды
ЖИ арқылы жасалды
2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға жеңіл автомобильдерді әкелу 21,9%-ға, дәрі-дәрмек импорты 18,7%-ға қысқарды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, тұтыну тауарларының импорты азайғанымен, өндіріс үшін қажетті жабдықтар мен аралық тауарларды сатып алу артқан.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтар–маусым айларында елге әкелінген тауарлардың жалпы құны 31,5 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,4%-ға жоғары.

Импорттың жартысына жуығы, яғни 47,6%-ы өндірісте пайдаланылатын аралық тауарларға тиесілі. Оларды сатып алу 14%-ға өсіп, 15 млрд долларға жетті. Атап айтқанда, табиғи газ импорты 96,3%-ға, мұнай өнімдері 41,6%-ға артқан. Турбореактивті қозғалтқыштар мен газ турбиналарын әкелу 2,7 есе ұлғайды.

Инвестициялық тауарлардың импорты да 10,6%-ға өсіп, 8,1 млрд долларды құрады. Электр генераторлық қондырғыларды сатып алу 83%-ға, жүк көтеру, жылжыту, тиеу және түсіру жабдықтарын әкелу 70,1%-ға артты. Топырақты сұрыптауға және ұсақтауға арналған жабдықтардың импорты 2,1 есе өсті.

Жабдықтар импортының ұлғаюымен қатар өнеркәсіпке салынған инвестициялар да артқан. Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 9,6%-ға өсіп, 9,5 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялар 33,3%-ға ұлғайып, 1,43 трлн теңгені құрады.

Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8%-ға артты. Машина жасауда өсім 23,1%, химия өнеркәсібінде 20,7% болды.

Ал тұтыну тауарларының бірқатар түрін әкелу азайды. Жеңіл автомобильдер импорты 21,9%-ға, дәрілік заттар 18,7%-ға, чемодандар мен сөмкелер 49,4%-ға қысқарды. Әйелдерге арналған тоқыма киімдерін әкелу 38,9%-ға, кондиционерлер импорты 34,3%-ға төмендеді.

Жеңіл автомобильдер импортының қысқаруы елдегі өндірістің өсуімен қатар жүрді. Қаңтар–маусымда Қазақстанда 88 886 жеңіл автомобиль шығарылып, өндіріс көлемі 37,2%-ға артқан.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар