Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды
- авторОймақ
- Бүгін, 14:09
- 36
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Татьяна Савельева Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін, 7 қазанда, Савельева өз өтініші бойынша Құрылтай депутаты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын. Оның өтінішін палата депутаттарының 130-ы қолдап, екеуі қалыс қалды. Ол 2024 жылдан бастап Мәжіліс депутаты болып, биыл «Әділет» партиясы атынан І шақырылымдағы Құрылтайға сайланған әрі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болған. Сонымен қатар Президент өкімімен Әскер Бейсенов Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатылды.
Аталған кадрлық шешімдер Қорғаныс министрлігіндегі ауқымды өзгерістер аясында өтіп жатыр. Бұған дейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қарулы күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров, министр орынбасары Алмаз Джумакеев және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков лауазымдарынан шеттетілген еді.
Ведомстводағы кадрлық тазартулар 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін басталды. Теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылған болатын. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс тергеліп, үкіметтік комиссия жұмыс істеуде.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




