Демек, бүгін олардың жұмысқа, табысқа, білімге, басшылыққа және өмір сапасына деген көзқарасын түсіну – ертеңгі еңбек нарығының беталысын бағамдаумен тең.
Deloitte Global жүргізген ауқымды зерттеу де жаңа буынның еңбекке деген көзқарасы өзгеріп қана қоймай, жұмыс әлемінің өзін өзгертіп жатқанын көрсетеді. Ал бұл үрдіс Қазақстанда қалай жүріп жатыр? Жаңа буынның жұмысқа қабілеті мен талабы қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде ҚР Президенттік орталығының жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдаровамен сұхбаттасқан едік.

– Қазақстан жастарының мансапқа көзқарасы өзгерді ме?
– Бүкіл әлемдегі құндылықтардың өзгеруіне байланысты қазақстандық жастардың да мансапқа, еңбекке қатысты көзқарасы өзгерді. Қазіргі жастар аға буын сияқты жылдап, ұзақ тәжірибе жинақтап, мансап қуғысы келмейді. Олар үшн ең бастысы тез байып, тез нәтижеге жету. Сондықтан олардың жалақысы аз, ұзақ тәжірибе жинақтайтын қәсіптерді таңдамау себептері де содан. Жастар еңбек жолын енді бастап жатқандықтан, олар еңбек нарығындағы тұрақсыздық, білім деңгейі мен жұмыс берушілердің талаптарының сәйкес келмеуі, кәсіби тәжірибенің жетіспеуі сияқты сын-тегеуріндерге төтеп беруге тура келеді.
Жастардың жұмыспен қамтылу құрылымы айтарлықтай өзгеруде: икемді жұмыспен қамту нысандарының, платформалық экономиканың және өзін-өзі жұмыспен қамтудың танымалдығы артып келеді. Сондықтан бүгінгі таңда тек жұмыс орындарының санын ғана емес, жұмыспен қамтудың сапасын, кәсіби өсу мүмкіндіктерін және тұрақты орта таптың қалыптасуын да талдау маңызды.
Әлеуметтік желілерде табысты өмір салты жиі көрсетіледі, ал оның артындағы ұзақ еңбек жолы көп жағдайда назардан тыс қалады. Соның нәтижесінде жастар арасында жылдам жетістікке ұмтылу күшейеді. Сонымен қатар белгісіздік жағдайында адамдар ұзақ мерзімді жоспардан гөрі қысқа мерзімді нәтижеге көбірек мән береді. Бұл қазіргі қоғамдағы құндылықтардың трансформациясын көрсетеді. Егер жастардың басым бөлігі уақытша немесе бейресми жұмыспен айналысса, бұл олардың ұзақ мерзімді жинақ жасауына, зейнетақы жүйесіне қатысуына және кәсіби капитал қалыптастыруына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан мемлекет үшін икемді жұмыспен қамтуды қолдай отырып, әлеуметтік қорғау тетіктерін де дамыту маңызды.
– Қазіргі жастар үшін не маңызды: лауазым, жалақы, ыңғайлы кесте?
Қазіргі жастар үшін ең бастысы еркіндік пен өз еңбегінің лайықты бағалануы. Материалдық құндылықтардың алға шығуымен байланысты және өмір сүру талаптарының өсімен байланысты олар өз еңбегіне сай жалақыны талап етеді. Сонымен қатар олар еркіндікті сүйеді. Кеңседе отыратын жұмыстарды көптеп таңдамауы да, еркіндікті алға қоюмен байланысты. Цифрлық еңбек нарығы жастардың, қоғамның көзқарасын өзгертті. Өз уақытыңды өзің басқару, қашықтықтан жұмыс істеу жаңа трендке айналды. Жастар тез дамып, еркін болуға басымдық береді.
Бұл құбылыстың бірнеше себебі бар. Біріншіден, цифрлық экономиканың дамуы жастарға дәстүрлі жұмыс орындарынан тыс табыс табуға мүмкіндік берді. Екіншіден, жастар жұмыс уақытын өздері басқаруға, еркіндікке және икемділікке көбірек мән береді. Үшіншіден, тұрғын үйдің қымбаттауы, инфляция сияқты экономикалық факторлар тезірек табыс табу қажеттілігін күшейтті. Сондықтан жастар үшін тұрақты қызметтен гөрі кірісі жоғары әрі икемді жұмыс түрлері тартымды болып отыр.
– Ал дипломға көзқарас қалай өзгеріп жатыр?
– Қоғамда жалпы диплом білім деңгейі мен еңбек нарығы талаптарының сәйкес келмеуі ең басты мәселе. Негізгі тәуекел факторлары ретінде білім деңгейі мен еңбек нарығы талаптарының сәйкес келмеуі, сапалы тағылымдамаларға шектеулі қолжетімділік және «жұмсақ дағдылардың» жетіспеушілігі аталады.
Бұрын бедел көбіне мамандықтың қоғамдағы орны мен тұрақтылығымен өлшенсе, қазір табыс деңгейі, икемділік және өзін-өзі дамыту мүмкіндігі маңыздырақ болып отыр. Инженерлік және өндірістік мамандықтардың мәртебесі толық төмендеп кетті деуге болмайды, бірақ олардың еңбекақысы мен қоғамдық имиджі кейбір цифрлық кәсіптермен салыстырғанда әлсіз көрінеді. Сондықтан жастар IT, маркетинг, контент жасау, кәсіпкерлік сияқты салаларға көбірек бет бұруда.
– Жастар қысқа курс пен практикалық дағдыға шынымен көбірек бет бұрды ма?
– Экономиканың цифрлануы мен автоматтандырылуы жас мамандарға сұраныс құрылымын өзгертуде. Жастар жаңа технологияларға үйлесімдірек, жаңалықтар ашуға бейімдірек және кәсіби өсуге ұмтылыс сияқты қасиеттерімен ерекшеленеді. Бұл қасиеттер мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерімен ұштасқанда тұрақты және инклюзивті экономикалық дамудың негізіне айнала алады.
ІТ-мамандарға, деректер сарапшыларына, жасанды интеллект және цифрлық маркетинг саласындағы мамандарға сұраныс артуда, ол мамандықтарды қысқа курстар арқылы меңгеріп алып, жұмыс істеп жүрген жастар көп. Жастар ұзақ уақыт оқып, уақыт жоғалтқысы келмейді. Олар үшін тез табыс тауып, нарық сұранысына бейімелу маңыздырақ.
Жасанды интеллект технологияларын дамыту жастардың кәсіби біліктілігіне жаңа талаптар қойып, қосымша еңбек мүмкіндіктерін ашады. Жастардың тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдау себебі, бір жағынан, жаңа буын еңбек пен өмір арасындағы тепе-теңдікке көбірек көңіл бөледі, жұмысқа деген құндылықтық көзқарасы өзгерді. Екінші жағынан, қазіргі экономикалық жағдайда жастар қаржылық тұрақтылыққа тез жетуді көздейді. Сондықтан мұны еңбекке деген жауапсыздық емес, еңбек нарығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайға бейімделудің бір түрі ретінде қарастырған дұрыс.
– Қазақстандағы еңбек ұжымдарында «басшы мен жас қызметкер» қарым-қатынасы қалай өзгеріп жатыр?
– Қазіргі жастар бұрынғыдай, кеңестік дәуірдегідей қатаң қарым қатынастардан көрі әріптестік, өз ойын еркін айту, ашық коммуникация құру сияқты жаңа қарым-қатынас формаларын алып келді.
– Жас мамандардың жұмыс орнын жиі ауыстыруына басқару стилі әсер ете ме?
Әрине, Бір мекемеде зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет ету түсінігі де қазір өз өзектілігін жоғалта бастады, қазір жастар қызметін тез ауыстырып, жаңа ортаға тез бейімделуге тырысады. Жастар қатаң және шектелген талаптардан шығып, еркіндікті бірінші орынға қояды.
Зерттеулер көрсеткендей, жастар еңбек етуден қашпайды, бірақ олар еңбек жағдайына, жалақыға және кәсіби өсу мүмкіндігіне жоғары талап қояды. Негізгі өзгеріс жастардың өзінде емес, еңбек нарығында болып жатыр. Автоматтандыру, платформалық экономика, қашықтан жұмыс істеу және цифрландыру еңбек қатынастарын түбегейлі өзгертті. Сондықтан бүгінгі жастардың таңдауы жаңа экономикалық шындыққа бейімделудің көрінісі ретінде қарастырылуға тиіс.
Сымбат БЕГІМБАЙ
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Астанада жеңіл көлік өзенге түсіп кетті
Ұқсас жаңалықтар
"Түрі аянышты": бала тауып алған теміржол машинисі оқиғаның қалай болғанын баяндап берді
- авторОймақ
- 22 қыркүйек, 2026






