Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12-16 қыркүйек аралығында Үндістан Республикасы мен Корея Республикасына жұмыс және мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сапардың алғашқы бөлігінде, 12-13 қыркүйекте Президент Премьер-министр Нарендра Модидің шақыруымен БРИКС XVIII саммитіне қатысу үшін Үндістанға барады. Нью-Делиде өтетін жиында Қасым-Жомарт Тоқаев «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді. Сонымен қатар, сапар аясында Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөз жүргізіп, бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді.
Бұдан кейін, 14-16 қыркүйек аралығында Мемлекет басшысы Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барады. 15 қыркүйекте Сеулде жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп, тараптар қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық серіктестігін нығайту перспективаларын талқылайды. Сондай-ақ Президент Кореяның ірі компанияларының жетекшілерімен жүздеседі деп жоспарланған.
Сапардың қорытынды күнінде, 16 қыркүйекте Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші саммитінің жұмысына қатысады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





