"Өзімді кінәлі деп санамаймын": Сәуле Жұбаниязова сотта жауап берді
- авторОймақ
- Бүгін, 13:52
- 10
Астанада тұрғын үй қасбетінің опырылуына қатысты іс бойынша сотталып жатқан МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова өзін кінәлі деп санамайтынын тағы да мәлімдеді. Сотта ол болған жағдайдың барлық мән-жайын ескеріп, әділ үкім шығаруды сұрады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
«Мен бұл жағдайда өзімді кінәлі деп санамаймын. Осы үйді алып, төрайым болғаным үшін тек балаларымның, анамның алдында кінәлімін. Өйткені балаларыма дені сау, бақытты әрі жанында жүрген ана керек. Сондықтан, құрметті сот, барлық мән-жайды ескере отырып, шынымен әділ үкім шығаруыңызды сұраймын», – деді Сәуле Жұбаниязова.
Сотталушыдан жауап алу сағат 15:00-де жалғасты.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болған. Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түскен. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олардың арасында оқиға орнына келген екі фельдшер де болған.
Медицина қызметкерлерінің біріне жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылды. Дәрігерлер оның бас сүйегіне ота жасап, ұйыған қанды алып, қан кетуді тоқтатқан. Алайда фельдшер 18 қарашада көз жұмды.
Қылмыстық іс бойынша қасбеті опырылған үйді басқарған МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Ол бұған дейін де тағылған айып бойынша кінәсін мойындамаған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





