сәрсенбі, 9 қыркүйек, 2026 14:24

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Балалар денсаулығын қорғау: фастфуд өнімдері жарнамасына шектеу қойылмақ

Балалар денсаулығын қорғау: фастфуд өнімдері жарнамасына шектеу қойылмақ
istock
Денсаулық сақтау министрлігі осыған қатысты тиісті заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеп жатыр.

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында шекер, тұз бен май мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі осыған қатысты тиісті заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, бұл бастама өнімдерді сатуға толық тыйым салуды емес, жарнаманың балалардың тамақтану әдетіне тигізетін теріс әсерін азайтуды көздейді. Бұл шектеулер теледидар, радио, сыртқы жарнама және әлеуметтік желілердегі маркетингтік арналарға таралуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елдегі алтыдан тоғыз жасқа дейінгі әрбір төртінші бала артық салмақтан зардап шегеді, ал 6 пайызына семіздік диагнозы қойылған.

«Жарнама ашық қаптамалар, әлеуметтік желілер мен блогерлер арқылы балалардың тамақтану әдетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан жарнамалық қысымды төмендету маңызды», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған бастама Президент Қасым-Жомарт Токаевтың 26 тамызда өткен педагогтердің тамыз конференциясында жасаған мәлімдемесінен кейін қолға алынды. Мемлекет басшысы фастфудтың агрессивті жарнамасы зиянды әдеттерді қалыптастырып, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіретінін атап өтіп, Үкіметке бұл мәселені реттеуді тапсырған болатын.

Айта кетейік, Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған. Сонымен қатар 2025 жылдың қыркүйегінен бастап мектептер мен балабақшалардың асханаларында шекер мен тұзды азайтып, көкөніс пен сүт өнімдерінің үлесін арттыратын тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар