жұма, 4 қыркүйек, 2026 10:23

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты

Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты
Фото: видеодан скрин
Атыраулық оқушы қыздар Шаттық Хами мен Айым Жангелді 2024 жылы қытайлық Pinduoduo маркетплейсінен лотос тұқымын сатып алып, Перетаска каналына шашқан. Нәтижесінде екі жылдан кейін су қоймасының бетін әдемі лотос гүлдері көмкерген. Алайда мамандар табиғаттағы осындай ойланбай жасалған әрекеттердің экожүйеге зиянын тигізуі мүмкін екенін айтты.

Шаттық пен Айым алғашында өсімдікті аквариумда өсіріп көруге тырысқан, алайда ол тәжірибесі сәтсіз аяқталған. Кейін қалған тұқымдарды үй маңындағы Перетаска каналына шашқан. Бір жылдан кейін су бетінде алғашқы жапырақтар пайда болып, 2026 жылдың жазында лотос алғаш рет гүлдеген.

Екі жылдың ішінде бірнеше тұқымнан үлкен лотос алқабы қалыптасқан. 

Су бетіндегі әдемілік жергілікті тұрғындарды қуантқанымен, мамандар адам қолымен жасалған өзгерістердің экожүйеге кері әсер ететінін ескертті. Әлеуметтік желіде өзін балық шаруашылығы саласының маманы деп таныстырған желі қолданушысы Атыраудағы лотостарға қатысты жағдайға пікір білдірді.

“Көпшілік бір қарағанда зиянсыз көрінетін су айдынын көгалдандырудың өзі оны толығымен жойып жіберуі мүмкін екенін ескере бермейді. Инвазивті өсімдіктер өте жылдам таралып, су түбін көлеңкелейді және жергілікті өсімдіктерді ығыстырады. Ал осы өсімдіктердің биомассасы шіри бастағанда, судағы оттегінің мөлшері төмендейді. Бұл балықтардың жаппай қырылуына және су айдынының батпақтану процесінің жеделдеуіне әкелуі мүмкін. Өсімдіктердің тұқымын суға тастамас бұрын немесе "пайдасы тиеді" деген ниетпен экзотикалық балықтарды су айдынына жібермес бұрын, оның бүкіл экожүйеге тигізетін салдарын үш рет ойланған жөн. Өйткені су айдынына жергілікті емес, яғни аборигенді емес өсімдік немесе балық түрлерін жіберу тұтас экожүйені жойып жіберуі мүмкін. Егер бұл шынымен де осы су айдынына жат түр болса және БАҚ-та айтылғандай, Қытай маркетплейстерінен сатып алынған тұқымдардан өсірілгені рас болса, оның салдарына дайын болған жөн”, – деп ескертті маман.

Қамыс Перетаска өзенінің ортасына қарай ығысқан

Жергілікті эколог Галина Чернова да лотостың басқа өсімдіктерді ығыстырып тастап, өсетінін айтты.

“Лотос – өзіндік ерекшелігі бар өсімдік. Ол өзіне қолайлы ортаға түскен кезде өсімдіктердің басқа түрлерін ығыстырып шығарады және олардың әрі қарай дамуына мүмкіндік бермейді. Тасқала ауылының тұсындағы Перетаска аумағына барып, сол жерді қарап шықтым. Шынында да, лотостың кең таралып кеткені байқалады. Ол жағалау бөлігіндегі қамысты ығыстырып шығарған. Қамыс Перетаска өзенінің ортасына қарай ығысқан, ал лотос жағалау маңындағы үлкен аумақты алып, сол жерде өзіне қолайлы ортаны қалыптастырып жатыр. Ол негізінен су жасымығымен симбиозда өседі және қазір сол жерде өзіне қолайлы ортаны қалыптастырып, бұл шығанақты өзіндік бір батпаққа айналдырып жатыр. Қазірдің өзінде ол жер таязданып қалған. Сондай-ақ ағынды Перетаска өзегінің біртіндеп өсімдіктермен жабылып, бітеліп бара жатқаны көрінеді. Бұл өзек бұрын теңізбен байланысқан және жалпы алғанда Жайық өзенінің өзіндік бір тармағы болып саналады”, – дейді эколог.

Оның айтуынша, лотостың қалыптастырған шығанағында қазірдің өзінде Перетаска үшін жаңа ареалдың пайда болып келе жатқаны байқалады. Бұл тек сыртқы өзгерістер Ал су астындағы өзгерістерді ботаниктер мен гидрологтар, яғни судың жағдайын зерттейтін мамандар анықтауы керек дейді Галина Чернова.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар