Мемлекет басшысы ақын Марфуға Айтхожаны 90 жасқа толуымен құттықтады
- авторОймақ
- Бүгін, 10:22
- 22
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, халықтың терең құрметіне бөленген Марфуға Айтхожаны 90 жасқа толуымен құттықтады.
Ақорданың баспасөз қызметі таратқан құттықтау телеграммасында Марфуға Ғалиқызының бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының аясын кеңейтуге арнағаны атап өтілген.
«Шабытты лирикалық туындыларыңызда сіз шексіз дала кеңістігін, терең тарихты, халқымыздың бірлігі мен дәстүрін жырладыңыз. Оқырмандар сіздің өлеңдеріңізді үлкен ықыласпен оқып, сізді “Қазақтың жыр Аққуы” деп атауға әбден лайық деп санайды. Сізге әрі қарай да жас ұрпаққа шабыт беріп, отандастарымыздың лайықты мойындауына ие бола беруіңізді тілеймін», — делінген құттықтауда.
Марфуға Айтхожа 1936 жылы Қытайда дүниеге келген. 1961-1969 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде қызмет атқарған. Алғашқы өлеңдер жинағы «Балқұрақ» 1962 жылы жарық көрген. Марфуға Айтхожаның шығармалары болгар, поляк, венгр, чех және басқа тілдерге аударылған. Ақынның өзі қазақ тіліне Билал Назым, Те Лан Гин, Зұлфия, Назым Хикметтің өлеңдерін, сондай-ақ моңғол, орыс, араб, қырғыз, татар, башқұрт, венгр, украин ақындарының туындыларын аударған. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




