Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол ер-азаматтың басты міндеті – әйелге қамқор әрі қорған болу, оны қорқынышта өмір сүруге мәжбүр етпеу екенін баса айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бас мүфтидің айтуынша, нағыз күш пен ерлік ашуды тоқтатып, сабыр сақтай білуде. Ол ұрыс-керістің уақытша екенін, бірақ ашу үстінде жасалған соққы мен айтылған ауыр сөздер адам жанында ұзақ уақыт бойы өшпес дақ қалдыратынын еске салды.
«Отбасы – адам өзін қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек. Әйел заты өз үйінде қорқынышпен емес, құрмет пен өз қадірін сезініп өмір сүруге тиіс», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар ҚМДБ басшысы ата-ана қызын ұзатқанда, ең алдымен, оның бақытты отбасылық өмір сүруін үміт ететінін атап өтті.
«Әйелді жылату – азаматтық емес. Оған қорған болу – еркектің парызы», – деп түйіндеді сөзін Бас мүфти.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





