Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот үкімі шықты
- авторОймақ
- Бүгін, 19:42
- 41
18 тамызда Алматы қаласы Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы, журналист Гүлнар Бажкеноваға қатысты айыптау үкімін шығарды. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаны өтеу мерзімі 2 жылға шегерілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар сот үкіміне сәйкес, Бажкеноваға 5 жыл мерзімге журналистік, қоғамдық және басшылық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бұған дейін, 14 тамызда өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы оған тура осылай 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны 2 жылға шегеруді сұраған болатын.
Гүлнар Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылды: 189-бап («Бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу»), 214-бап («Заңсыз кәсіпкерлік қызмет») және 274-бап («Көрінеу жалған ақпарат тарату»). Айта кету керек, сотталушы өзіне тағылған барлық айыптарды толығымен жоққа шығарды.
Сот барысында Бажкенованың Orda.kz басшысы ретіндегі қызметіне қатысты бірнеше бағыт қаралды. Айыптау тарапы жеке кәсіпкер арқылы миллиондаған теңгенің аударылуы, ақшаның қолма-қол алынуы және қызметкерлерге жалақының қолма-қол төленуі жөніндегі деректерді келтірді. Компания шығындары арасында жекеменшік мектепке қатысты эпизод та қаралған.
Істің тағы бір бөлігі жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерге байланысты болды.
Сонымен бірге Бажкеноваға көрінеу жалған ақпарат таратудың сегіз эпизоды бойынша айып тағылды. Сотта Orda.kz жарияланымдарында келтірілген деректер мен сандардың қайдан алынғаны, сондай-ақ редакцияға кей ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні алдын ала ескертілген жағдайлар қаралды. Жарияланымдарда аты аталған адамдардың айғақтары да тыңдалған.
Бажкенова мен оның қорғаушылары тағылған айыптармен келіспей, сот барысында өз уәждерін келтірді.
Еске салсақ, бұрынғы бас редакторға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі үстіміздегі жылдың 2 шілдесінде басталған еді. Тергеу амалдары 2025 жылдың 1 желтоқсанында журналистің пәтері мен басылым офисінде жүргізілген тінту жұмыстарынан кейін қолға алынып, содан бері ол үй қамағында болған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




