сәрсенбі, 12 тамыз, 2026 16:51

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Биыл 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданады

Биыл  380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданады
kazpravda.kz
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев мәлімдеді.

Жаңа оқу жылында Қазақстанда 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданады. Қазірдің өзінде республика бойынша 319 080 бала мектепке қабылданған. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.

«Пилоттық жоба шеңберінде балаларды бірінші сыныпқа қабылдау өтініштері бекітілген кестеге сәйкес 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында кезең-кезеңімен қабылдануда. Биыл бірінші сыныпқа болжам бойынша 380 мыңнан астам бала қабылданады деп күтілуде», – деді Жомарт Қарамбаев.

Оның сөзінше, ата-аналардың өтініш беру белсенділігі жоғары. Бүгінде өтініштердің 83 пайыздан астамы электронды форматта қабылданған.

«Бұл мемлекеттік қызметтердің қаншалықты қолжетімді әрі ыңғайлы болғанын көрсетеді. Яғни ата-аналар білім беру ұйымдарына жеке барып, уақыт жұмсамай-ақ, барлық рәсімді онлайн форматта жүзеге асыра алады», – деді ол.

Қазіргі таңда бірінші сыныпқа қабылданған 319 080 баланың 296 210-ы мемлекеттік, 22 870-і жекеменшік білім беру ұйымдарында білім алатын болады. Оның ішінде 128 мыңнан астам бала ауылдық жерлердегі, 191 мыңнан астамы қалалық мектептерге қабылданған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар 3 870 бала бірінші сыныпқа қабылданды.

Балалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алатын сыныптарды таңдаған. Қабылданған оқушылардың 71 пайыздан астамы қазақ тілінде, 26 пайыздан астамы орыс тілінде, ал 2 пайыздан астамы өзге тілде білім алатын сыныптарға барады.

Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, биыл өзге ұлт өкілдерінің арасынан 2 100-ден астам бала қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданған.

«Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Оқу-ағарту министрлігі өкілі.

Министрлік бірінші сыныпқа қабылдау барысында балалардың білім алуына тең жағдай жасауға және мектептерде қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отыр.

Бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың ең көп саны Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында. Бұл аталған өңірлердегі халық саны мен туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланысты.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар