сәрсенбі, 5 тамыз, 2026 10:47

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мемлекет басшысының таңдаулы сөздері жинақ болып шықты

Мемлекет басшысының таңдаулы сөздері жинақ болып шықты
Бұл туралы Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев мәлімдеді,

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атаумен таңдаулы сөздер жинағы жарық көрді. Бұл туралы Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Жинақта Мемлекет басшысының соңғы отыз жылдан астам уақыттағы ел дамуы, мемлекеттік басқару, ұлттық құндылықтар мен Әділетті Қазақстан құру идеясына қатысты ой-тұжырымдары қамтылған.

«Сөз қадірін түсінетін, көкірегі ояу, зерделі қауымға айтар жаңалығымыз бар. «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атпен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың таңдаулы сөздерінің жинағы жарық көрді.

Жинақ болғанда, бұл – Мемлекет басшысының Қазақстанды Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналдыруды көздеген ұлы мұратының сөзбен көмкерілген жиынтық бейнесі. Яғни саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған тұлғаның соңғы отыз жылдан аса уақыт ішінде көңілге түйгені, ойға тамызық болған ұстанымдары мен құндылықтары.

Осы жинақты құрастыру кезінде көзіміз жеткен анық жайт – күрделі және өтпелі кезеңде мемлекетке басшы болатын тұлғаның ел болашағы, ұлт сапасы жайлы пікір-көзқарасы бұдан ондаған жылдар бұрын қалыптасқан. Одан соң өмірлік және кәсіби тәжірибе негізінде жүйеленіп, бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналып отыр. Кітапта түрлі тақырыптар аясында топтастырылған, әр жылдары айтылған сөздерін мұқият оқыған көзі қарақты оқырман мұны өзі де аңғарады деп ойлаймын.

Біздің мақсат – «сөзін оқы және ойла» деп Хакім Абай айтпақшы, тағдыршешті кезеңде мемлекет тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының түп өзегін – президенттік миссиясын өз сөзімен негіздеу. Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңін ойлаған, даму бағдарын ұғынуға ұмтылған елжанды азаматтарды осы кітапты оқып-зерделеуге шақырамын.

Кітап жақын арада барлық мемлекеттік кітапханаларға, университеттер мен колледждерге, жастар орталықтарына таратылады», – делінген жазбада.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар