жұма, 31 шілде, 2026 11:53

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Алла Тағала кімнің кім екенін көрсетті": фельдшер Ұлдана Мырзуанның әпкесі жүрек тебірентер жазба жариялады

"Алла Тағала кімнің кім екенін көрсетті": фельдшер Ұлдана Мырзуанның әпкесі жүрек тебірентер жазба жариялады
ашық дереккөз
Қазір әлеуметтік желіде фельдшердің жұбайы Әділет Зейнеттің қайта шаңырақ көтергені қызу талқылануда.

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнеттің қайта шаңырақ көтергені туралы ақпарат қоғамда қызу талқылануда. Осы жағдайға байланысты марқұмның анасы Сәлима Ершанқұлқызы мен әпкесі әлеуметтік желіде алғаш рет мәлімдеме жасап, өз ұстанымдарын білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Bairaq Media-ға сілтеме жасап.

Ұлдананың әпкесі әлеуметтік желідегі жазбасын:

«Сары шөжегім, сіңлім… Сені қинады-ау, тыныштық бермеді-ау… Жаныңның қанша ауырғанын жүрегім сезеді…»

деген жүрек тебірентер сөздермен бастады.

Ол ұзақ уақыт үнсіз қалуының себебін де түсіндірді.

«Бірақ Алла Тағала кімнің кім екенін көрсетті. Аллаға шүкір! Менің үнсіз қалғаным - бәріне көніп, әке-шешемді таптатқым келгені емес. Мен үнсіздікті әлсіздіктен емес, сабырдан таңдадым», - деп жазды ол.

Сондай-ақ әпкесі басты мақсаты ата-анасының және халықтың көзін ашып, шындықтың беті ашылуына ықпал ету болғанын айтты.

«Ең бастысы - әке-шешемнің көзін ашу, халықтың көзін ашу, шындықтың бетін көрсету еді. Менің бар тілегім - адалдық пен әділдікке жету. Айтарым көп… Бірақ кейбір сөзді уақыттың өзі айтып береді. Кейбір шындықты түсіндірудің қажеті жоқ - оны Алланың өзі көрсетеді. Ең бастысы, ешкімнің алдында емес, Алланың алдында жүрегім тыныш», - деді ол.

Ал марқұмның анасы Сәлима Ершанқұлқызы Әділет Зейнеттің қайта үйлену туралы шешімі өзіне де, отбасы мүшелеріне де алдын ала айтылмағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар ол Ұлдананың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған Әділеттің осы мәртебеден бас тартатынын жеткізді.

Сәлима Ершанқұлқызы қызының көлігі заң талаптарына сәйкес жақында ғана ата-анасының атына рәсімделгенін, алайда өткен жылдан бері көлікті Әділет пайдаланып келгенін айтты. Сондай-ақ Ұлдананың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаты қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұбайына берілгенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнеттің қайта үйленгені туралы ақпарат тараған болатын. Осыдан кейін марқұмның жақындарының мәлімдемесі қоғамда кеңінен талқыланып жатыр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар