Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында 600-ден астам білім саласы қызметкерінің жеке мәліметтері мемлекеттік сатып алу порталында ашық жарияланған. Заңбұзушылықты аудан прокуратурасы анықтады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Тексеру барысында жергілікті мектептер мен балабақшалар міндетті медициналық тексеру қызметін сатып алуға арналған хабарландыруларға қызметкерлерінің толық тізімін қоса тіркегені белгілі болды.
Құжаттарда педагогтер мен басқа да қызметкерлердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, лауазымы, тұрғылықты мекенжайы және жеке телефон нөмірлері көрсетілген. Бұл мәліметтер интернет қолданушыларына ешқандай шектеусіз қолжетімді болған.
Прокуратураның мәліметінше, мұндай әрекет құпия ақпараттың тарап кетуіне және оны бөтен адамдардың пайдалануына тікелей қауіп төндірген.
Қадағалау актісі енгізілгеннен кейін заңсыз жарияланған 611 қызметкердің деректері ашық дереккөздерден толық өшірілді.
Жеке мәліметтердің жариялануына жол берген жауапты лауазымды тұлғалар заңда көзделген жауапкершілікке тартылды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





