Алтын Орданы зерттеудің жаңа бағыттары халықаралық деңгейде таныстырылды
- авторОймақ
- Бүгін, 16:55
- 27
Жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Алтын Орда ұлттық тарихымыз ғана емес, әлемдік өркениет тарихының маңызды құрамдас бөлігі екеніне тоқталды. Ректордың айтуынша, Алтын Орда тақырыбы ұзақ жылдар бойы іргелі зерттеулерге ұласып келеді және алдағы уақытта да өзектілігін жоғалтпайды. Бүгінде бұл дәуірді тек әскери-саяси оқиғалар аясында қарастыру жеткіліксіз. Мемлекеттік басқару жүйесі, дипломатиялық байланыстар, экономикалық даму, зияткерлік және рухани мұра сияқты бағыттарды кешенді түрде зерттеу қажет.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қауымдастық алдына осы бағыттарды жан-жақты зерделеу жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгінгі дөңгелек үстел жаңа ғылыми тәсілдердің қалыптасуына, халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюіне және бірлескен зерттеу жобаларының жүзеге асуына серпін береді деп сенемін», – деді Жансейіт Түймебаев.
Дөңгелек үстел бағдарламасы Алтын Орда тарихына қатысты өзекті мәселелердің кең ауқымын қамтыды. Қатысушылар әлем тарихындағы Алтын Орданың орны мен рөлін, жазба және археологиялық деректерді зерттеудің жаңа әдіснамалық ұстанымдарын, соңғы археологиялық жаңалықтарды, сондай-ақ Алтын Орда дәстүрлері мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы арасындағы тарихи сабақтастық мәселелерін талқылады.
Бірінші баяндаманы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Шығыс елдерінің тарихи материалдарын зерттеу жөніндегі республикалық орталықтың директоры Меруерт Әбусейітова жасады. Ол Алтын Орда тарихын жан-жақты әрі объективті зерделеу үшін жазба деректерді кешенді талдаудың маңызын атап өтті. Ғалымның айтуынша, парсы, араб, түркі және басқа да шығыс жазба мұраларымен қатар, еуропалық дереккөздер де ерекше ғылыми құндылыққа ие.
Оларды археологиялық материалдармен сабақтастыра зерттеу тарихи оқиғаларды дәлірек қалпына келтіруге, бұрыннан белгілі деректерді нақтылауға және ортағасырлық Еуразияның саяси, қоғамдық әрі мәдени өмірі туралы ғылыми түсінікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Баяндамашы археологиялық ескерткіштердің де маңызына арнайы тоқталды. Оның пікірінше, Қоңыр әулие үңгірі, көне қоныстар, тас мүсіндер және басқа да тарихи мұралар Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттік дәстүрлер, саяси мәдениет пен рухани өмір жөнінде құнды мәлімет береді.
Дөңгелек үстелде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев Алтын Орда мен Қазақ хандығы арасындағы тарихи сабақтастыққа қатысты жаңа ғылыми тұжырымдарын ұсынды. Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр Алтын Орданың рухани мұрасы мен оның ислам өркениетіндегі орнына тоқталды. Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айболат Күшкімбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры Меңдігүл Ноғайбаева және басқа да ғалымдар өз баяндамаларын ұсынды.
Жиын соңында қатысушылар жазба және археологиялық деректерді кешенді пайдалану мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту Алтын Орда тарихын тереңірек зерделеуге және жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға негіз болатынын айтты.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





