жексенбі, 30 тамыз, 2026 21:58

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Астаналық мектеп директоры жүз өлең жаттап, көлік ұтып алды

Астаналық мектеп директоры жүз өлең жаттап, көлік ұтып алды
Фото ұйымдастырушылар тарапынан берілді
Финалдық кезеңде түрлі саланың өкілдері бақ сынады.

Алматы қаласында VI республикалық «100 ӨЛЕҢ» көркемсөз оқу байқауы аяқталды. Байқаудың бас жүлдесі — автокөлікке Астана қаласындағы мектеп директоры Айгүл Бейсенбина ие болды. Бір қызығы, бас жүлде иегерінің жүргізуші куәлігі жоқ.

Астана қаласы әкімдігінің №107 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, педагог-шебер, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Айгүл Базарбайқызы байқауға қатысу үшін 100 күн ішінде қазақ ақындарының 100 өлеңін жаттаған.

Биылғы «100 ӨЛЕҢ» байқауына еліміздің барлық өңірінен 3000-нан астам адам қатысты. Солардың арасынан үздік шыққан 35 қатысушы финалға жолдама алып, Алматы қаласында қазақ поэзиясының жауһарларын жатқа оқыды.

Байқаудың басты ерекшелігі — қатысушылардың жасына, мамандығына немесе қызметіне ешқандай шектеу қойылмайды. Негізгі талап — ұйымдастырушылар бекіткен 100 өлеңді 100 күн ішінде жаттау.

Финалдық кезеңде түрлі саланың өкілдері бақ сынады. Олардың қатарында физик, математик, географ, металлург, ақын, филолог, айтыскер, мұғалім, студенттер мен мектеп оқушылары болды.

Байқауда II орынды 10 жасар Сейтқазы Раяна Нұржанқызы иеленді. Байқаудың ең жас  қатысушысы көркемсөз оқу шеберлігімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ал жүлделі III орынға Астана қаласының намысын қорғаған Тілеужан Ерғанатұлы мен Айдос Бектұрсын ие болды.

Алтыншы мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі республикалық «100 ӨЛЕҢ» көркемсөз оқу байқауы мыңдаған адамды қазақ поэзиясының әлемімен қауыштырған рухани-әдеби жобаға айналды. Жоба қазақ әдебиетін дәріптеуге, ұлттық сөз өнерін насихаттауға және поэзияға қызығушылықты арттыруға бағытталған.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар