бейсенбі, 9 шілде, 2026 18:37

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Сәрсемәлиев соттан өмір бойына жаза тағайындамауды сұрады

Сәрсемәлиев соттан өмір бойына жаза тағайындамауды сұрады
видео скрин
"Маған тағылған 13 эпизодтың барлығын мойындаймын, ешқандай қарсылығым жоқ"

Атырауда төрт адамның қазасына қатысты айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемалиев сотта соңғы сөзін айтты. Ол өзіне тағылған айыптың барлық 13 эпизоды бойынша кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеп, өмір бойына емес, 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

ҚазАқпарат мәліметінше, соттағы сөзінде айыпталушы жасаған ісіне өкініш білдіріп, әрекетінің мұндай ауыр әрі қайғылы салдарға әкелетінін ойламағанын айтты.

«Ешкім дүниеге жауыз болып келмейді. Мен өз әрекеттерімнің уақыт өте келе ушығып, күрделі күреске ұласып, ақырында осындай қанды трагедияға алып келетінін болжаған жоқпын. Темірді тот жесе, адамды іштен қайғысы мен жан күйзелісі жейді. Маған тағылған 13 эпизодтың барлығын мойындаймын, ешқандай қарсылығым жоқ. Мен мемлекет алдында да, Алла алдында да жауап беремін», – деді Сұлтан Сәрсемалиев.

Сөзінің соңында ол соттан өзіне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды өтінді.

«Мүмкін, мұндай өтініш айту орынсыз шығар. Бірақ маған белгілі бір мерзімге жаза тағайындауыңызды сұраймын. Ең болмаса балаларым үшін үмітімді үзбеңіздер. Солар үшін өмір сүруге мүмкіндік беріңіздер. Мен өмір бойына бас бостандығымнан айырылуға да дайынмын. Бірақ мемлекет – жеке адам емес, ол кек алмауы керек. Мемлекетте мейірім мен рақым болуы тиіс», – деді айыпталушы.

Сот жарыссөзі мен айыпталушының соңғы сөзінен кейін судья кеңесу бөлмесіне кетті. Үкімнің қашан жарияланатыны әзірге хабарланған жоқ.

Бұған дейін сот жарыссөзі барысында прокурор Сұлтан Сәрсемалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын. Қаза тапқандардың туыстары да айыптау тарапының ұстанымын қолдап, соттан әділ жаза тағайындауды өтінді.

Айыпталушының адвокаты Асан Жұмабаев қорғау сөзінде болған оқиғаға Сұлтан Сәрсемалиевтің психологиялық жағдайының нашарлауы себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Қорғаушының айтуынша, қылмыс жасалған сәтте оның қорғауындағы азамат ұзақ уақытқа созылған психоэмоционалдық қысымның әсерінде болған.

«Оның бойында ұзақ уақыт бойы жиналған ашу-ыза шегіне жетіп, созылмалы күйзеліс пен психоэмоционалдық қысым салдарынан жүйкесі сыр берді. Сол сәтте ол қатты жан күйзелісін бастан кешіріп, өз әрекетіне толық есеп бере алмайтын жағдайда болды. Ғылыми тілмен айтқанда, мұны ұзақ уақыт бойы қордаланған ашу-ызаның салдарынан туындайтын кумулятивтік аффект ретінде қарастыруға болады», – деді адвокат.

Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты аса ауыр қылмысты жасырды деген күдік расталмағаны хабарланды. Тергеу барысында оның кінәсі дәлелденбегендіктен, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар