бейсенбі, 2 шілде, 2026 21:25

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстанның көші-қон және этникалық көші-қон саясаты: бүгінгі ахуалы мен болашағы

Қазақстанның көші-қон және этникалық көші-қон саясаты: бүгінгі ахуалы мен болашағы
Қазіргі көші-қон саясаты жаңа заман талаптарына бейімделуді қажет етеді.

Жаһандану, цифрландыру және демографиялық өзгерістер кезеңінде көші-қон мәселесі кез келген мемлекеттің тұрақты дамуына әсер ететін маңызды факторлардың біріне айналды. Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан Қазақстан Республикасы көші-қон үдерістерінде бір мезгілде көшіп кетуші, транзиттік және қабылдаушы ел ретінде ерекшеленеді. Сондықтан көші-қон және этникалық көші-қон саясатын тиімді жүргізу – еліміздің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуының басты шарттарының бірі.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда халықтың көші-қонын реттейтін құқықтық және институционалдық негіз қалыптасты. Мемлекет сыртқы еңбек көші-қонын, ішкі көші-қонды және тарихи Отанына оралған этникалық қазақтарды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Әсіресе этникалық көші-қон саясаты ұлттық бірегейлікті нығайтуда ерекше орын алады. Қандастарды қабылдау, оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету, бейімдеу және өңірлерге орналастыру бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Дегенмен тәжірибеде бірқатар мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Олардың қатарында тілдік кедергілер, құқықтық рәсімдердің күрделілігі, сапалы білім мен еңбек нарығына қолжетімділіктің шектеулілігі және өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықтар бар.

Сонымен қатар қазіргі көші-қон саясаты жаңа заман талаптарына бейімделуді қажет етеді. Білікті жастар мен ғылыми кадрлардың шетелге кетуі, көші-қон қызметтерін цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігі, аналитикалық деректер базасының әлсіздігі және ішкі көші-қонды қолдау тетіктерінің жеткіліксіздігі мемлекеттік саясатты жетілдіруді талап етеді.

Бүгінде климаттың өзгеруі, цифрлық экономика, еңбек нарығының трансформациясы және трансұлттық көші-қон желілерінің дамуы көші-қон саясатына жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты көші-қонды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейту және ғылыми негізделген шешімдер қабылдау ерекше маңызға ие.

Алдағы уақытта көші-қон және этникалық көші-қон саясатын жетілдіру бағытындағы ғылыми зерттеулер Қазақстан үшін практикалық тұрғыдан да үлкен маңызға ие болмақ. Қандастарды бейімдеу мен ықпалдастырудың тиімді үлгілерін әзірлеу, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып көші-қонды басқару, сондай-ақ әлеуметтік капиталдың өңірлердің дамуына ықпалын зерттеу мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, көші-қон саясаты – елдің демографиялық қауіпсіздігіне, еңбек ресурстарының дамуына және қоғамдық келісімнің нығаюына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт. Сондықтан бұл саланы ғылыми негізде жетілдіру, заманауи сын-қатерлерге бейімдеу және тиімді басқару тетіктерін қалыптастыру Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды кепілі болып қала береді.


 Абылайхан Тәжіханов, сарапшы

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар