Таиландта жоғалып кеткені айтылған қазақстандық рэпер Дархан Жұмабекке қатысты жаңа мәлімет жарияланды. Көпшілікке Кисло-Сладкий лақап атымен танымал әншінің табылғанын Салауат есімді кәсіпкер Instagram парақшасында хабарлады, деп Oimaqnews.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі уақытта Дархан ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Ол рэпердің тағы бір тәулік ем алып, қалпына келген соң өзі эфирге шығып, болған оқиғаны түсіндіреді деген үмітін жеткізді.
“Іздеген, алаңдаған, көмектескен әр адамға рақмет. Ең бастысы – адам табылды және қауіпсіз жерде. Адам болған соң бәрі болады. Маңыздысы – бәрі жақсы аяқталды”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ Салауат жұртты жалған ақпаратқа сенбеуге, тек ресми әрі сенімді дереккөздерге сүйенуге шақырды. Ол Дарханға тезірек сауығып, жақындарының жанына оралуын тіледі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Кисло-Сладкийдің Таиландта жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Оның таныстары мен шығармашылық тобы әншінің байланысқа шықпай қалғанын айтып, дабыл қаққан.
Музыкалық клиптер режиссері Parasat.top рэпердің Пхукеттен Бангкокке ұшып келуі керек болғанын, алайда белгіленген жерге жетпегенін мәлімдеген. Кейін оның телефондары өшіп қалғаны айтылды.
Қазіргі таңда Дарханның нақты қандай жағдайда табылғаны толық хабарланған жоқ. Жақындары ең бастысы оның аман-есен табылып, қауіпсіз жерде екеніне қуанып отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






